Зәбір көрсету тыйылмай тұр

Шіл 3, 2025

Бұған дейін газетімізде Павлодар қаласындағы №116 сәбилер бақшасында болған жайсыз жағдай туралы жазған болатынбыз. Бүгінде аталмыш мектепалды мекемедегі қатыгез тәрбиеші жұмыстан шеттетілді.

Өкінішке қарай, өңірімізде бейкүнә балаларға зәбір көрсету деректері әлі де азаймай тұр. Осыған ұқсас оқиғалар тағы да орын алуда.

Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкеневаның айтуынша, №116 балабақшадағы жағдайдан кейін 10 ата-ана жергілікті полиция бөліміне өтініш жазған. Сондай-ақ, барлық бала сот-медициналық сараптамадан өткен. Қазіргі таңда полицияға түскен материалдар жіті тексерілуде.

— Аталмыш оқиғаға қатысты жәбірленушілердің саны артуы мүмкін. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды, — деп атап өтті Сәуле Шәкенева. Оның сөзіне қарағанда екі ата-ана балаларын психологиялық қолдау орталығына апарып, мамандар көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, Павлодар қалалық білім бөлімі де қызметтік тергеуді аяқтап, нәтижесінде тәрбиеші жұмыстан шеттетілген. Балалар құқығы тапталған сәбилер бақшасының директорына қатаң сөгіс жарияланған.

Ал облыстық полиция департаменті тәрбиешінің жасаған әрекеттеріне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Осы жағдай жайлы айтып ауыз жиғанша Павлодар қаласындағы №121 балабақшаның ата-аналары мекеме әкімшілігіне шағым түсіргені туралы ақпарат жалпақ жұртқа жария болды. Олар осы жылдың сәуір айында аталмыш бөбекжайда музыка жетекшісінің балаларға дөрекілік көрсеткенін айтқан. Араға екі ай салып, яғни маусымда әлеуметтік желіде сол қатыгездік фактінің кадрлары жария етілген. Бұдан кейін балабақша әкімшілігі мен ата-аналар музыкалық жетекшінің қатысуымен бейнекамералардың жазбаларына мониторинг жүргізіп, әдіскердің сабағына талдау жасайды.

— Нәтжесінде, 3 сәуір күнгі камералардағы жазбаларды қарау кезінде мұғалімнің сабағы әдістемелік сауатсыз жүргізілгені анықталып, музыкант дауыс көтеріп, балаларды дөрекілікпен орындыққа отырғызғаны белгілі болды, — делінген Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ақпаратында. Осыдан кейін ата-аналардың өтініші негізінде 11 сәуірде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңестің ұсынысы бойынша музыка жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сөгіс жарияланды.

Жақында Екібастұз қаласында да кәмелет жасына толмаған жеткіншекке қатыгездік көрсету фактісі тіркелді. Бұл жолы тұрғын үйдің ауласындағы ойын алаңында әйелдің бөтен біреудің баласына айқалап, ұрысып, дөрекілік танытып жатқаны жайлы видео әлеуметтік желіге таратылған. Ондағы бейнежазбада әлгі әйелдің баланы жұлқылап, басынан ұрып, ауыр сөздер айтқаны айқын көрінеді. Бұл жағдайға қатысты да тергеу жұмыстары басталып кетті.

– Полиция әйелдің кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша тексеруді бастады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, – дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасының өкілдері.

Осылайша, айналасы бірнеше айдың ішінде аймағымызда балаларға зәбір көрсету оқиғаларының үдеп бара жатқаны байқалады. Бұл оқиғалар видеоға жазылып қалғандары ғана. Ал камера сыртында қанша баланың қорлық көріп жүргені беймәлім…

Нұржайна ШОДЫР