Енді Павлодар қаласының көшелерінен «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің брендтері бүйірінде жазылған трамвайды кезіктіретін боласыз. Бұл — Д.Д.Махмұдов атындағы Павлодар қалалық трамвай басқармасы мен «Ertis Media» ЖШС арасындағы келісімнің нәтижесінде қол жеткен іс.
— Трамвай – облыс орталығының символы іспетті көлік түрі. Осы қоғамдық көлікте облыстық әйгілі газеттеріміздің атауы орналастырылғаны – заңдылық. Трамвайдағы бейнелер тұрғындарға газеттеріміз туралы еске салып тұратын жарнама тәрізді. Бұған дейін трамвай басқармасының басшылығы бір вагонға «Halyq radiosy» логотипін орналастырған болатын. Енді, міне, кезек газеттерге жетті. Мұндай қолдауға біз ризамыз, — деді «Ertis Media» ЖШС директоры Руслан Билялов.
Тұсауы кесілген жаңа трамвай бірден №5 бағыт бойынша жолға шықты. Бұл маршрут қаланың Торайғыров — Мәшһүр Жүсіп – Ломов көшесі – Назарбаев даң-ғылы бойынша жүреді. Көлікті тізгіндеген – жүргізуші Қарлығаш Салимова.
Алғашқы атаулы трамвай жолаушыларына облыстық «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің жаңа нөмірлері сыйға берілді. Осылайша ендігі жерде Павлодардың көрікті көшелерінде облыстық газеттердің атаулары алыстан көз тартып, жарқырап кетіп бара жататын болды.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.