Кіреберіс жолдар жөнделуде

Шіл 17, 2025

Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылдық округінде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді жұмыстар қолға алынды. Соның аясында үш елді мекенге кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтуде.

Айталық, Сарышығанақ ауылына кіреберіс 5,96 шақырым жол ретке келтіріліп, асфальт төселуде. Сол сияқты Суаткөл елді мекеніндегі 2,45 шақырым кіреберіс жол, Қызылжардағы 0,348 шақырым жол тақтайдай тегіс болмақ. Барлық ауылдағы жұмысты бас мердігер – «ПКФ ГОРДОРСТРОЙ» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Жергілікті биліктің мәліметінше, жөндеуді жүргізуге керек адам саны да, техника да жеткілікті. Тиісті істер белгіленген кестеге сай уақытылы атқарылуда.

Сонымен қатар, ауылдарды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мәселен, жуырда Қызылжар ауылдық округі аумағында абаттандыру жұмыстары аясында елді мекен ішіндегі, жол жиегіндегі шөп шабылып, отырғызылған жасыл желектерге су құйылды. Сол сияқты жол жиегі мен іргелес аумақтар тазартылды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.