Тереңкөл ауылында алдағы жылы жаңа автовокзал салынады. Бұл туралы аудан әкімі Азамат Маңғұтов Тереңкөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім еткен. Ол алдағы жоба-жоспарлармен бөлісті.
Жауапты бөлім басшыларына нысанның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, 8 пәтерлі үй құрылысы басталатынын айтылды. Жалпы, аудан орталығы жыл санап көркейіп келе жатқанына көпшілік куә. Естеріңізге сала кетейік, биыл ауылдың орталық жағажайы жаңадан салынды. Ертіс өзені жағасында шатырлы күркеде табиғатты тамашалауға мүмкіндік жасалды. Суға шомылуға келген тұрғындар үшін күннен қорғануға арналған шатыр қарастырылды. Орталық сахна да жаңартылды. Жарық бағаны орнатылды. Балаларға шомылатын бассейн де қойылды. Жағажайда волейбол алаңы да ойластырылған. Мұнда әлі де жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Бұған дейін ауылдық округ әкімі Ризабек Айтмағамбетов мәлімдегендей, жағажайда жаңадан заманауи балалар алаңы, воркауттық жаттығу құралдары орнатылады. Шағын субұрқақ салынып, жағалау алаңы гүлзармен көмкеріледі.
Бұл елді мекенде көшелерді жарықтандыру да жалғасуда. Биыл 150 жарықшам орнатылыпты. Жол белгілері ауыстырылып, жаңартылған. Алда Торайғыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру көзделіп отыр.
Г.МАҒЖАН.