Ауылда интернет жақсарды

Шіл 24, 2025

Биыл наурыз айында облыс әкімінің тапсырмасымен Павлодар ауданы ауылдарының ұялы байланыс сапасын жақсарту және интернет жылдамдығын арттыру  мақсатында көшпелі отырыс өткен болатын. Сол кезде аудандық бюджет есебінен  Набережное мен Жаңақала ауылдарында антенна-діңгек құрылысын орнату туралы шешім қабылданды.

Бүгінде қолға алынған шаруа өз нәтижесін беріп, аталған екі ауылда ұялы байланыс интернеті 4G дәрежесінде жұмыс істей бастады.

– Набережное ауылына биіктігі 25 метрлік байланыс антеннасы орнатылды. Бұрын байланыс жүйесі осы ауылға жеке тұрғызылған мұнара арқылы берілетін. Бірақ оның биіктігі 14 метр ғана болды, бұл сапалы байланыс үшін жеткіліксіз еді. Интернет қолдану үшін тұрғындар ауылдың шетіне шығатын. Енді жаңа құрылғымен интернет жылдамдығы 4G-ге жетті, – деді Павлодар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Заур Совет.

Аталмыш ауылда 1423 адам тұрады. Ал Набережное ауылынан алты шақырым қашықтықта 600-ден астам адам тұратын Жаңақала ауылы бар. Ол ауылдың да байланыс мәселесі шешімін тапты. Жалпы құны 6 миллион теңге тұратын биік мұнара құрылғысы екі ауылдың тұрғындарына сапалы байланыс пен интернет таратады. Бүгінде қандай оператор қызмет көрсететіні шешілуде.

Еске сала кетейік, өңірде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол — талшықты-оптикалық байланыс желісі мен антенналық діңгектердің құрылысы.

Бірінші жоба бойынша 2027 жылдың соңына дейін Павлодар облысындағы 204 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша интернет жылдамдығын секундына 500 Мбит-қа жеткізуге мүмкіндік береді. Ал антенналық діңгек құрылысы жобасы бойынша облыстық және республикалық маңызы бар автожолдың бойына антенналар орнату жұмысы жүргізілуде.

Т.САХАБА.