«Қызметте қатал болғанмен, үйде мейірімді еді»

Шіл 31, 2025

Қалмұқан Исабаев өз кезеңінде өзінің ұстанымына берік, шындық пен әділдік үшін күрескен қарымды қаламгер болды. Қай тақырыпты жазса да, алдымен адам тағдырын, қоғам тынысын алдыңғы қатарға қойды. Мәселен, ескі дүниеге қарсы күрескен қарапайым қазақ әйелі Айқыз Көшімбаева, Екібастұз көмірін ашқан халық геологы Қосым Пішенбаев, әділдігімен аты шыққан Шоң би Едігеұлы есімдерін тарихта қалдырды. Қалмұқан Исабаев қызметте қандай асқақ болса, үйде де соншалықты қарапайым еді. Жанына жақын адамдарға, әсіресе жарына ерекше құрметпен қарайтын. Жуырда қаламгердің жары Зәбира Исабаевамен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме барысында жазушының өмірі, шығармашылығы және сағыныш пен сырға толы естеліктерін тыңдадық.

– Зәбира Әлиқызы, артқа бір көз жүгіртсек. Қалмұқан атамен қай жылы, қашан танысып едіңіздер?

– Аталарыңның отбасымен Баянауыл ауданында Құдай қосқан көрші болдық. Ол кісі 1943 жылы мектебін де аяқтамай өзі сұранып майдан даласына кеткен екен. Мен ол кезде кішкентай баламын. Есімде ештеңе қалмапты. Соғыс бітсе де, елге бірден қайтпады. Германияда комендант болып тоғыз жыл жүрді. Тек жыл сайын демалыс уақытында ауылға келіп тұратын. Тек 1954 жылы біржола келді.

Біздің үйдің үлкен кісілері бие байлайтын. Атаң мен әжең барда қымыз піспей көр (күліп). Кішкенемізден бие сауып, қымыз пісіп, қысы-жазы үйімізде ағарған болатын. Содан ағаң Германиядан демалысқа келгенде әуелі үйіне кіріп дәм ауыз тиген соң, бірден ауыл үлкендеріне сәлем беруге шығады. Құдайы көрші болған соң, әуелі біздің үйге соғады. Кейін келе қымыз ішетін едім деп, атаммен сөйлесетін едім деп, демалыста жүрген уақытында біздің үйге жиі келуді шығарды. Бастапқыда бала болып мән бермегеніммен, кейін келе ағаң үйге келіп қоймаған соң, кімнің келгеніне, оның жүріс-тұрысына, өзін-өзі ұстауына мән бере бастайды екенсің. Ағаң екеуміздің арамыз он бір жас. Сондықтан басында ағаң сөз салғанда не дерімді білмей, ұялып, жауабын бере алмай жүрдім. Сөз арасында «Енді үндемей жүре берсең, саған күйеу табылмай қалуы мүмкін» деп бір қорқытты. «Жарайды дей алмасаң, үндемей-ақ қой, сенің үндемегеніңді келіскенің деп білем», – деді. Әйтеуір, 1958 жылы шаңырақ құрдық. Ағаң маған берген сөзінде тұрды. Көңіліме тиіп кететін қатты сөз айтқан емес. Тату-тәтті отбасы болдық.

Қалмұқан екеуміз елу жеті жыл бойы бірге ғұмыр кешіппіз. Осы уақыт аралығында балалы-шағалы болдық. Балалардың есімін өзі қойды. Тұңғышымыз Азат, Айқыз, Серік, Қалидің аттары тарихи кейіпкерлермен байланысты. Қызымыз Баянауылда туған соң Баян деп атады. Ал кенжеміз Алма Алматыда туғаннан кейін қаланың құрметіне Алма деп қойған болатын. Балалардың мамандық таңдауына өз ықпалын тигізді, қазақ мектебінде оқытты.

– Жазушылардың көбінің жары олардың алғашқы оқырманы болғанын білеміз. Атамыздың шығармаларының көпшілігін сіз де оқыған боларсыз…

– Ол тәртіптің адамы болды. Әдетте, шығармаларына түнделетіп кірісетін. Таңғы үш-төртке дейін жазу жазады. Содан кішкене жатып, көз шырымын алады да, таңғы жетіде жұмысқа жиналатын. Жұмыс үстелінің үсті мұнтаздай таза болатын. Қарындаштарына  дейін ұштап, даярлап қоятын. «Үстеліңді мен-ақ жинай саламын ғой», – десем: «Саған асүйдің жұмысы да аз емес», – дейтін. Бір шығармасын жазып жатса, екіншісін баспадан алып келіп, енді бірін баспаға тапсырып жүретін. Өмірі жазумен өтті. Кейбір шығармаларын бірден маған оқытады. Енді кейбірін «Сүйінші данасы шыққанда оқырсың» дейтін. Ондайда кітаптың сүйінші данасын оқып, онда кеткен бірлі-жарым қателерді көрсете қоямын. Кейбір шығармаларын машинкаға өзі басатын. Кейде «мынаны басып қойшы» деп жұмысқа кетерінде жазғанын тастап кетеді. Үйде бала-шаға бар. Бала-шағаға қарап отырсаң, ағаңның жазуы машинкаға басылмай қалады. Сонда мен қайтем? Біз Сәбит ағамен бір аулада тұрдық. Аулада көшеге шығар бетте өзіміздің қазақтың балалары – милиция жүреді. Соларға: «Айналайындар, мына балаларға көз қырларыңды сала тұрыңдар, көшенің арғы бетіне өтіп кетпесін», – деймін. Мына жақта Мәриям апам терезесін ашып қояды. «Апай, ініңіз мына жазғандарын машинаға басып қой деп еді. Оны бассам, балаларға кім қарайды, аулада ойнай тұрсын», – деймін. «Келін, жұмысыңды істей бер. Сәбеңді де, балаларды да қараймын», – дейді. Көгалда балалар асыр салып ойнайды, ол кезде аулада субұрқақ болушы еді, соған қолдарын тосып мәз болады. Ол уақытта аулада қазақтың бірталай ақын-жазушысы тұратын. Сөйтіп жүргенде мен де ағаңның жазғанын машинкаға басып қоятынмын.

–  Қалмұқан Исабаев қан майданға аттанып, ерлік көрсетіп, кейін бірнеше жыл Германия елінде комендант болып еңбек еткенін білеміз. Осы орайда ағамыз балаларға да әскери тәртіппен қатаң қараған болар…

– Жоқ. Балаға мейірімді болды. Қазақы тәрбие беруге тырысты. Біз де отағасының қабағына қарадық. «Әкең жазу жазып отыр. Жүгірме. Дауысыңды қатты шығарма», – деп айтып қоятынбыз. Ал өзі жазу жазғанда аса бір бап тілеген жоқ. Біздің бәріміз ұйықтағанда, ас үйде отырып та жаза беретін. Ағаң қай істе де «мен жазушы екенмін, маған жағдай жасаңдар» дегенді айтпайтын. Бірде еңбеккерлер жайлы пьеса жазамын деп Көкшетау жақтағы Жолдыбай деген ауылға іссапарға шығады. Ауыл басшыларына менің кім екенімді айтпай-ақ қойыңдар дейді де, бір комбайншыға көмекші болып іске кіріседі. Іске кірісті деген аты ғана, ағаң — комбайнның атын естігені, суреттен көргені болмаса, өмірі жүргізіп көрмеген адам. Ағаң барса, комбайншы «Мына жерге отырасыз» деген. Ағаң отырған. Сөйтсе, біраздан соң әлгі комбайн бұзылып қалады екен. «Мен мынаны жөндейін, сен ана жақтан кілтті әкеп бер» дейді екен комбайншы. Ағаң комбайншы нұсқаған жаққа барса, кілттің жеті атасы тұр. Өзі комбайн болса, бұған дәу кілт керек шығар деп, ішіндегі ең үлкен кілтті апарады екен. Оған әлгі комбайншы ашуланған көрінеді. «Сен өзің комбайншының оқуын бітіргенсің бе, жоқ қашып-пысып жүрген бәлесің бе? Мынау комбайнның кілті емес қой», – дейді екен күйіп-пісіп. Бұдан кейін кілтке жұмсаса, екі-үшеуін бір-ақ апаратын болдым дейді. Сонда да ағаң сыр бермей жүріп, комбайн айдауды да үйренген, еңбеккерлердің өмірімен де танысқан. Кейін Алматыға шығарып салар мезгілде ауыл басшылары арнайы жиналыс жасап, ағаңды құрметтеп, кім екенін ел-жұртқа таныстырса, әлгі комбайншы кісі шалқасынан түсіпті. «Мен сізге ауыр сөздер айттым-ау, айыпқа бұйырмаңыз» деп қойын сойып, қонақ қылып жіберіпті.

– Ағамыз іссапарларға жиі шығатын ба еді?

– Иә, жиі шығатын. Ертіс-Қарағанды каналы қазылып бастағанда сол жақта жүрді. Біраз уақытын жұмсап, қомақты кітап, бірнеше мақала, очерктер жазып келді. Ол кезде жазудың адамы төрт қабырғада қамалып отырмайтын. Ел аралайтын, жер көретін. Елдің тұрмыс-жағдайына қанығу үшін сол жаққа сапар шегетін. Сол кезде ғой, бір құрдасының қалжыңдап:

Сарыарқаның бойында,

Ақ таяғы қолында,

Келе жатыр Қалмұқан,

Екі қасқыр соңында, – деп сықақ өлең жазғаны.

– Ағаның қалжың сөзден де құр алақан болмағанынан хабардармыз. Мәселен, әріп-тестеріне арнап түрлі әзіл суреттер салғанын естуіміз бар…

– Ол кезде партияның жина-лыстары жиі болады. Ондай жиналыстарға қатыспай қоюға, не жиналыстың соңын күтпей кетіп қалуға болмайды. Ағаң сонда жиналыстағы әңгімені тыңдаған сияқты болып үндемей отырады екен де, түрлі суретін сала беретін көрінеді. Осылайша ағаң бірталай замандасының шарждарын салып кетті.

Сөзге де ұста еді. Бірде ақын-жазушылар Қарағанды облысына іссапармен барған екен. Облыстағы жауапты адамдар бәрін ерекше құрметпен қарсы алған. Сөйтсе, әкімшілік жақтан бір жігіт ағаңа: «Кімнің аты кім екенін жыға танымай тұрмыз. Қонақтарды автобусқа бөлу керек, соны сіз атқары-
ңызшы» демей ме? Сөйтсе ағаң: «Қалтай, балтай, шалтайларың мына автобусқа, Қалихан, Қалмұқан, Оралхан, Шерхандар мына автобусқа отырыңдар» деген екен.

Ағаңның сурет салғаннан өзге балташылық та өнері болған. Баянауылда жүргенде, көрік қыздырып, шананың шанақтарын жасайды екен. Өзі өмірі бос жүрмейтін адам ғой. Еңбекке ерте кезден араласып, бар шаруаны бала кезден өзі істеуге дағдыланған екен. «Бала күннен әдетім сол, жұмысты тез-тез бітіріп тастап, кітап оқитынмын» дейтін.

Тағы бір еңбекқорлығы туралы айтайын. Архив ақтарып, қырық шақты кітап жазды. Кешкі алтыда жұмыстан келеді. Шайын ішеді де, архивке жаяу кетеді. «Жұмыстан келдіңіз ғой, кішкене демалып алсаңызшы», – десем, «Архив жабылғанша екі сағат уақыт бар,  сол екі сағатта шалқайып жатуым керек пе сонда?», – деп ұрысатын. Архивтен жақсы бір деректер тапса ерекше қуанып келетін. Кей кезде жөндеу жұмыстары болып, архив жабық тұрса, ренжіп, «енді қашан ашылады екен» деп жүретін.

– Ағаның қанша кітабы жарық көрді?

– Көзі тірісінде шамамен қырық шақты кітабы шықты. Ол кісі қолжазба сақтамайтын. Ақ қағазға жазады. Онысын машинкаға басады. Кейін ақ қағаздың жазылмаған екінші бетіне жаңа бір шығармасын жазады. Сосын кітап шыққан соң қолжазбасын жыртып тастайтын. «Қағазды көбейтіп керегі не?», –
дейтін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Қосымшаны әзірлеген — Айдана БОРАНБАЕВА.