Науқасты медбике қабылдайды

Там 7, 2025

Елімізде дәрігердің кейбір міндеті медбикеге тапсырылды. Бұдан былай медбикелер  науқастарды қабылдап, ем-шара тағайындайды.  Денсаулық сақтау саласындағы мұндай жаңашылдық дәрігерге күрделі клиникалық жағдайларға көбірек назар аударуға мүмкіндік беріп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмақ. 

Павлодар ауданы Набережное ауылындағы дәрігерлік амбу-латорияның аға медбикесі Диана Салтыкова дәрігер атқаратын бірқатар жүктемені өз мойнына алған. Ол диспансерлік есепте тұрған науқастармен етене жұмыс істеуде. Яғни, диспансерлік қабылдауды өзі жүргізеді. Бұл жұмыстың арқасында есепте тұрған науқастардың жағдайымен толық танысып үлгерген.

Қазір медбикелер жаңа заң жобасы шеңберінде инсульттің алдын алу, онкологиялық ауруларды болдырмау мақсатында тұрғындарды емдеу мекемесіне шақырады. Қажетті саулнаманы толтырады, тұрғындардың скринингтен өткен-өтпегенін, қандай вакцина алғанын немесе алмағанын анықтайды. Сонымен қатар, бұйрыққа сәйкес диспансерлік есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекті уақытылы алуын қадағалайды. Қабылдауға келген әрбір емделушінің жыл сайын тапсыруы тиіс сараптамалар мен ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) сияқты диагностикалық тексерулерден өту барысын тексереді. Бірнеше сауалнама жүргізіп, дәрігердің қабылдауына барғанда қажет болатын барлық ақпарат пен сараптамаларды толық дайын күйінде өткізеді. Емделушілерге тегін дәрі-дәрмек алу үшін рецепт жазып береді.

— Набережное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда екі жыл жұмыс істеп келемін. Павлодар жоғары медициналық колледжін тәмамдап, сала бойынша қызметке орналастым. Бүгінде учаскелік аға медбике лауазымында еңбек етудемін. Учаскемізге Набережное және Жаңақала ауылының тұрғындары қаралады. Олардың жалпы саны – 1983 адам. Оның ішінде 356 адам созылмалы ауруға шалдыққан. Бұл ретте 256 адам артериялық гипертензиямен диспансерлік есепте тұр. 345 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған, — дейді аға медбике.

Диана Салтыкова  дәрігерлік амбулаторияда санитарлық көлік барын айтады. Науқас қатты ауырып қалған жағдайда оны қалаға жеткізеді. Өте ауыр жағдайларда арнайы жабдықталған жедел жәрдем қызметін шақырады.

— Күніне кем дегенде 20-ға жуық адамды қабылдаймын. Біз науқастарды емдеп қана қоймай, олармен психолог ретінде де жұмыс істейміз. Сондықтан болар, эмоционалды тұрғыдан шаршап қалатын кездер болады. Қызметке енді араласқандықтан кейбір емделушілер жас ерекшелігіме қарап, қабілетіме сенімсіздік танытып жатады. Жаңа заң жобасы біздің  дәрежемізді арттырды әрі тәжірибе жинауға жол ашты десем, қателеспеймін. Дәрігерге жүктелген жауапты міндеттің бірқатарын атқару арқылы қызметке деген жауапкершілік артатыны сөзсіз, — дейді аға медбике.

Бастысы, жаңа жүйе бойынша қызмет алып жүрген науқастар риза. Олар да артық жүгірістің азайғанын айтады. Дәрігердің қабылдауында ұзақ уақыт кезекте тұрғанша, алдымен медбикеге келіп, дәрігерге дейінгі қызметтерді алған олар үшін әлдеқайда тиімді.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы «Viamedis Pavlodar» емдеу мекемесінде акушерлер де жүктілігі қалыпты өтіп жатқан әйелдерді өздері қабылдап
келеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.