Екібастұздағы қалалық мешітте көптен күткен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті әкімдіктің бастамасымен қолға алынған игі іске кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетуде.
Екібастұз қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, жұмыстар үш бағытта қолға алынды. Алғашқысы — қала әкімдігі мен «Богатырь Көмір» ЖШС арасында жасалған әлеуметтік көмек көрсету туралы меморандум аясында мешіттің асханасы күрделі жөндеуден өтіп, толығымен жаңартылды. Енді келушілер үшін ыңғайлы жағдай жасалды.
Екінші бағыт — облыстық мәслихат депутаты, жергілікті кәсіпкер Серік Сәдуақасовтың демеушілігі есебінен қалалық мешіттің сыртқы келбеті мен инженерлік коммуникациялары жаңартылуда. Бүгінде бұл жұмыстардың 25 пайызы атқарылды. Қыркүйек айында жоспарлы іс аяқталуы тиіс.
Үшіншіден, қалалық бюджет есебінен мешіт аумағы абаттандырылып, шағын саябақ ашылмақ. Бұл бағыттағы жұмыс аясында қоршаулар алынып, қалалықтар үшін ашық орта қалыптасатын болады.
Осылайша, қалалық мешіттің ғимараты мен оның аумағын толығымен жаңарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.