Баянауыл ауданына қарасты Құндыкөл ауылында салынып жатқан ойын алаңының құрылыс жұмысы толықтай аяқталды.
Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Қуандық Ивашевтың айтуынша, балаларға арналған жаңа алаң көп кешікпей пайдалануға берілмек. Оның сөзіне қарағанда, 500-ге жуық тұрғыны бар аталмыш елді мекенде бұған дейін мұндай алаң мүлдем болмаған. Сонымен қатар, ауылда жаңа футбол алаңы да бой көтеруде.
— Ойын алаңы мен футбол алаңын астаналық мердігер фирма салып жатыр. Футбол алаңындағы жұмыстар да аяқталуға жақын қалды. Бұл екі жобаға 37 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Қомақты қаржыға салынған құрылыс жұмыстарының сапасын үздіксіз бақылап отырмыз. Орын алған олқылықтар бірден ескертіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде, — деп атап өтті округ әкімі.
Айта кетерлігі, былтыр Құндыкөл ауылындағы мектеп, медициналық пункт, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар қуанышқа кенелген еді. Енді құндыкөлдік балалар да мәз-мейрам болатын күн алыс емес.
Н.ШОДЫР.