Ақтоғай ауданының Шолақсор, Балтасап, Жалаулы, Шілікті, Ақжол және Барлыбай ауылдарындағы сумен және жылумен қамтамасыз ету мәселелері және әлеуметтік нысандардың жағдайы — басты назарда.
Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың аталған елді мекендерге жұмыс сапары барысында ауылдардағы су құбырларында бірқатар техникалық ақаудың бар екендігі анықталды. Кейбірі тозып, апаттық жағдайда тұр. Сапар барысында әрбір учаске бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде Шолақсор мен Барлыбай ауылдарында су құбыры жұмыс істеп тұр. Алайда қосымша техникалық қызмет көрсетуді қажет етеді. Жалаулы ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Балтасап елді мекеніндегі ұялы байланыс мұнарасы ауыл орталығына көшірілді. Келесі кезең – тұрақты байланыспен қамту үшін қажетті жабдықты орнату. Шілікті ауылындағы жаңа медициналық пункттің ішкі әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстары бойынша бұған дейінгі ескертулер мердігер ұйым тарапынан жойылды. Нысан пайдалануға дайын. Сондай-ақ, Ақжол ауылындағы газ қазандығының жұмысы қаралды. Техникалық талдау жүргізіліп, алдағы жылыту маусымында жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.
А.БОРАНБАЕВА.