Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы — еліміздегі ірі гидротехникалық нысандардың бірі. Ертістен бастау алып, ұзындығы 400 шақырымнан асатын бұл канал арқылы Қарағанды, Жезқазған өңірлеріне дейін тіршілік нәрі жеткізіледі. Ал осы судың тоқтаусыз ағуына, әр техникасының мүлтіксіз жұмыс істеуіне Сәтбек Темірханов сынды мамандар жауапты.
Сәтбек Темірханов — Қаныш Сәтбаев атындағы каналда командир-механик қызметін атқарып жүрген еңбекке адал жан. Ол 1959 жылы 7 ақпанда Павлодар ауданы Ямышев совхозы Кеңес бөлімшесінде дүниеге келген. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты Май ауданының Баскөл ауылына қоныс аударады. 1976 жылы аталған елді мекендегі орта мектепті тәмамдап, сол жылы Красноармейканың техникумына «Механик» мамандығына оқуға түседі. Отан алдындағы борышын өтеу үшін оқуын аяқтай алмайды. Кейін елге оралған соң совхозтехникумға оқуға түседі. Онда «Зоотехник» мамандығы бойынша білім алады. Бірақ 1981 жылы өзі таңдаған саласына емес, осы Қаныш Сәтбаев каналына жұмысқа орналасады.
— Негізі, әр адам мамандығын жайдан-жай таңдамайды. Мәселен, мен бала күннен судың бетінде жүргенді қатты ұнататынмын. Содан болар, осы салаға еш ойланбастан келдім. Алғашында жер снарядының машинисі болып жұмыс істедім. Кейін осы жерде қызмет ете жүріп, «жер снарядының командир-механигі» мамандығы бойынша білім алдым. Командир-механиктің негізгі міндеті – механизмдердің техникалық жағдайын бақылау, ақау болса жедел жөндеу жүргізу, жұмыс барысын үйлестіру, — дейді тәжірибелі маман.
Сәтбек Темірхановтың бұл салада еңбек етіп келе жатқанына қырық жылдан астам уақыт болған. Ол үшін канал – жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің бір бөлігіне айналған мекен.
— Су – тіршілік негізі. Ал біз сол судың діттеген жерге жетуіне жауаптымыз. Арна бойындағы техникалар тоқтамауы керек. Жауапкершілік жоғары. Механизмнің жұмысынан қателік кетсе, тұтас аймақ зардап шегуі мүмкін, — дейді С.Темірханов.
Күнделікті жұмысын таңертең су айдайтын станциядағы жабдықтарды тексеруден бастайды. Қосалқы бөлшектердің жарамдылығын қарап, әріптестерімен жұмыс барысын пысықтайды. Командир-механиктің бір сәтке де қателесуге, босаңсуға қақысы жоқ. Себебі, су жіберу кестесі – дәлдік пен үйлесімділікті талап ететін күрделі жүйе.
Сәтбек Темірханов — қарапайым еңбек адамы. Бірақ оның күнделікті сіңіріп жүрген еңбегі – өңір тіршілігінің өзегі. Арна бойындағы адал жұмыс, техникалық сауаттылық пен жауапкершілік осындай мамандардың арқасында жүйелі жүзеге асып отыр. Қоғамдағы үлкен тірліктің негізі осындай елеусіз, бірақ ерен еңбекте жатыр. Жылдар бойғы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Талай рет салалық марапаттарға ие болды. Мәселен, «Канал суармасының үздігі» секілді медаль мен Алғыс хат пен Құрмет грамоталары — оның кәсіби шеберлігінің дәлелі.
Сәтбек Темірханов секілді қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз тіршілігі – ел экономикасының берік іргетасы. Арна бойындағы әр тетіктің мүлтіксіз жұмыс істеуі, әр тамшы судың діттеген жерге жетуі – осындай мамандардың жауапкершілігі мен жанкешті еңбегінің жемісі. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ ел тіршілігі үшін аса қажет қызмет.
Айдана БОРАНБАЕВА.