Қарапайым қарындаш қиял мен шеберлік тоғысқанда кез келген көріністі жанды ете алатын құдіретке ие. Бір ғана сұр түстің сан түрлі реңкі арқылы Павлодардың көшелері мен қиылыстарын ерекше суреттейді. Ал бұл туындылар кез келген көрерменді өзіне баурап алары анық. Бұл — белгілі қылқалам шебері Евгений Шалагиннің картиналары.
Павлодар қаласының тумасы Евгений Шалагин бала кезінен сурет салуға әуес болған. Павлодар қаласындағы көркемсурет мектебінде білім алған. Кейін әйгілі суретші Фогельзангтің шеберханасында бір жыл бойы тәжірибе жинап, Ресей елінің Томск қаласындағы политехникалық училищесінде білім жалғастырады. Оқуды тәмамдаған соң елге оралып, шығармашылықпен айналыса бастайды.
Облыстық көркемсурет музейінде ашылған автордың көрмесінде 60-қа жуық туынды көрермен назарына ұсынылды. Олардың арасында Павлодардың көшелері мен қиылыстары, сондай-ақ, суретші сапар шеккен қалалардың пейзаждары да бар.
– Аталған көрмеде менің шығармашылығымда ерекше орын алатын картиналар ұсынылған. Олардың арасынан шаһардың көшелері мен қиылыстарын ерекше атап өтуге болады. Өзім адамдар көп жүретін орталық көшелерден гөрі көзге түсе бермейтін тыныш бұрыштарды жақсы көремін, – дейді автор.
Барлық туынды тек қарапайым қарындашпен орындалған. Қарындаштың түрлі қаттылығы мен жұмсақтығын шебер пайдалану арқылы суретші жарық пен көлеңке контрастын шынайы жеткізген.
– Осы жанрмен бірнеше жылдан бері айналысып келемін. Қарындашпен жұмыс істеу өзіме қатты ұнайды. Бұл әдіс мені белгілі бір орынға байлап қоймайды. Кез келген жерде сурет сала беремін. Сурет салу көбіне шабытқа байланысты. Кейбір туындыларды бір апта бойы салсам, кейбірін бір күнде аяқтайтын кездерім болады, — дейді ол.
Музейдің бас қор сақтаушысы Ольга Пашконың айтуынша, Евгенийдің шығармашылығы үнемі даму үстінде.
– Евгенийдің алғашқы жұмыстарында көбіне ағаштар, қар басқан жол жиегі немесе құрылыс алаңдары бейнеленетін. Қазіргі уақытта туындыларынан ғимараттардың ерекше көріністері мен ұсақ детальдарға дейін байқап отырмыз. Автор бірте-бірте ішкі әлемін көрерменге аша бастады. Кейбір картиналардағы ғимараттар адам секілді би билеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл – техникалық білім мен көркемдік қабілеттің үйлесімі, – дейді Ольга Пашко.
Оның сөзінше, мұндай жанрда жұмыс істеу күрделі. Әдетте суретшілер қарындашты нобайлар үшін қолданса, автор оны негізгі құрал ретінде қолданады.
– Мұнда қателікке жол жоқ. Өшіргіш қолдану суретті бүлдіріп жіберуі мүмкін. Бірақ автор қарындашты кәсіби түрде пайдалана отырып, әр туындыға терең реңк бере алған, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 2023 жылы Евгений Шалагиннің жұмыстары С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында ұсынылды. Өткен жылы қылқалам шебері Н.Нұрмахаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде алғашқы авторлық көрмесін өткізсе, биыл мамыр айында Алматы қаласында көпшілік назарына өз туындыларын ұсынды. Одан оралған соң туған қаласында жеке көрме ұйымдастыруды құп көрген.
Айдана БОРАНБАЕВА.