Ұзақ оңалтудан өтеді

Там 21, 2025

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын анасы, бауырымен бірге 5-ші қабаттан қүлаған 7 жастағы ұл ауруханадан шықты. Оны үйге әкесі алып кетті.

30 шілде күні Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде оқыс жағдай тіркелген болатын. 1991 жылғы әйел екі ұлын терезеден лақтырып, артынан өзі секірген еді. Өкінішке қарай, бір жарым жастағы сәби алған жарақат салдарынан ауруханада көз жұмды. Оның өмірін сақтау үшін ақ халаттылар екі күн күресті. Бірақ нәтиже шықпады. Ал 7 жастағы ұл жақында ауруханадан шығарылды.

Облыстық балалар ауру-ханасының мәліметінше, бала денсаулығын қалыпқа келтіруі үшін әлі ұзақ уақыт оңалтудан өтуі тиіс. Ол емдеу мекемесінде 2 апта көлемінде жатқан, бір тәулік жансақтау бөлімінде болды.

— 2017 жылғы бала ауруханадан шығарылды. Жағдайы бірқалыпты. Бір ай көлемінде төсекте жатуы тиіс. Тұрғылықты мекенжайы бойынша бір жыл көлемінде оңалтудан өтуі керек, — дейді дәрігерлер.

Мамандар баланы палатадан арнайы медициналық төсекке жатқызып шығарған.

— Баланы әкесі алып кетті. Оны көлікке дейін медициналық төсек арқылы жеткіздік. Ұл бала жамбас сүйегінің жарақатынан кейін әзірге тез жүріп кете алмайды. Оңалту шараларынан кейін аяғын өздігінен басатын болады, — деді мамандар.

Дәрігерлер балаға қайтадан жүруді үйрену керектігін айтады. Екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секірген ананың жағдайы ауыр деп бағалануда.

Бұған дейін әйелдің палатаға ауыстырылғаны, кейін өкше сүйектеріне ота жасалғаны айтылған болатын. Жағдайдың ауырлығына байланысты оған қатысты бұлтартпау шарасы қабылданбады, бірақ палатаның жанында тәулік бойы полицейлер кезекшілік етуде.

Облыстық полиция департаменті аталған өлімге итермелеу және өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға себеп болған әйелдің мамандандырылған медициналық мекемеде есепте тұрғаны белгілі болды.

Жазатайым оқиға болған үйдің тұрғындары осыдан бір жыл бұрын балалардың анасы бес қабатты үйдің терезесінен секіргенін айтқан болатын. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы растады. Олардың айтуынша, әйел балконнан секіріп өз өмірін қиюға әрекеттенген. Факті тіркелгенмен, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.

Жуырда балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенова ер баланың үйіне барып, кездесті. Ол жеткіншектің ауылға көшкісі келетінін айтады. Қазір ұл бала Екібастұз қаласына қарасты ауылдардың бірінде әкесінің бақылауында екен.

— Бала ауылда қалғысы келетінін және қалаға оралғысы келмейтінін айтты. Әкесі де ұлын қолдап, ауылға көшуге дайын көрінеді. Мен Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиевамен байланысып, жосы жағдайды түсіндірдім. Бибігүл Сағынтайқызы баланы медициналық сүйемелдеумен, оңалту шараларымен қамтамасыз ететінін айтты. Бұдан бөлек,жергілікті мектепке ауыстырып, әкесін жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Барлық мәселе жеке бақылауында болатынын айтты, — деп жазған Сәуле Шакенова әлеуметтік парақшасында.

Уәкіл балаға психологтың көмегі әлі ұзақ уақыт қажет болатынын, оған інісінің қайтыс болғаны әлі айтылмағанын атап өтті. Бала әкесін жанынан жібермей, әрқашан көз алдында болғанын қалайтынын жасырмады.

Баланың әкесі әйелімен ажырасуға өтініш берді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.