Аймағымызда алдағы екі жыл ішінде дәрігер тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі деп күтілуде. Ауылдағы ағайын салалық мамандардың кеңесіне жүгіну үшін жүздеген шақырымды артқа тастап облыс орталығына қатынамайтын болады. Олар кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог сынды сала мамандарымен онлайн жүздесіп, дәрігер тағайындауын үйде отырып ала алады. Мұндай мүмкіндік «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қарастырылмақ. Жаңашылдық жұртшылыққа не береді? Жоба қандай аудандарда іске қосылған? Өзекті мәселе төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековпен тілдескен болатынбыз.
— Иран Маратұлы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облысымыздың денсаулық саласында жаңашылдық орын алып жатқанын естідік. Салалық дәрігерлердің көмегін онлайн пайлананып отырған ауыл тұрғындары бар ма?
— Бұрнағы күні аудандық аурухана бас дәрігерлері мен сала мамандарының басын қосқан ауқымды жиын өтті. «Телемедицина: ауыл мен қала, денсаулықтың бірыңғай стандарты» тақырыбында өткен кеңесте шалғайда орналасқан елді мекендердегі тұрғындарға дәрігерлік көмекті қашықтан көрсетудің маңызы талқыланды.
Ауылдағы ағайынға меди-циналық көмекті қашықтан көрсету мәселесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бірнеше жыл көлемінде көтеріліп келеді. Павлодар облысында бұл жүйе бұған дейін жүзеге асырылмаған. Жаңа қызметке тағайындалғалы жарты жыл ішінде осы мәселе бойынша зерттеу жүргізілді. Аудан-ауыл тұрғындарына медициналық көмек ешқашан онлайн көрсетілмеген. Қазір Павлодар аудандық емхана мен Аққулы аудандық аурухана базасына бұл қызметті пилоттық жоба ретінде енгіздік. Бір айдан астам уақыт ішінде жоба өз тиімділігін көрсетті.
Шыны керек, аймағымызда салалық мамандар тапшы. Мәселен, эндокринолог, гастроэнтеролог, кардиолог, гинеколог, неонатолог мамандары барлық ауданда жоқ. Сондықтан салалық дәрігерлер ауылдағы ағайынға телемедицина арқылы кеңес береді. Әсіресе, созылмалы ауруға шалдыққан науқастар ерекше бақылауда болады. Диспансерлік есепте тұрған емделушілерге жылына кем дегенде 2-3 мәрте сала мамандарының кеңесі қажет. Жаңа жүйе емделушілерге дәрігерлік көмекті уақытылы көрсетуге бағытталған.
— Жаңа жоба қалай жұмыс істейді? Науқас қабылдауға қалай қатысады?
— Науқастар тұрғылықты мекенжайында орналасқан медициналық бөлімше, фельд-шерлік-акушерлік пункттерге барып, медбикенің көмегімен компьютер немесе смартфон арқылы салалық дәрігерлермен онлайн байланысқа шығады. Өзінің ұялы телефоны арқылы да қабылдауға кіре алады. Бірақ қазір барлық ауылда интернет желісі жоғары жылдамдықта жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Ал медициналық бөлімшелерде ғаламторға қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Онлайн негіздегі дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу керек. Емделушінің денсаулық паспорты арқылы экранның аржағында отырған салалық дәрігер науқастың жағдайымен толық таныс болады. Қабылдауға қатысып отырған адамның медициналық сараптамасын, зерттеу талдамаларын көреді. Сол арқылы емделушіге қажетті кеңес беріп, дәрі-дәрмек тағайындайды. Қазір мұндай тәжірибе шетелде кеңінен қолданылуда.
Өкінішке қарай, қазір қант диабеті, артериалдық гипертензия, қан айналым жүйесімен ауыратын науқас көп. Олардың басым көпшілігі зейнет жасындағы адамдар. Дертті асқындырмау үшін уақытында дәрігер көмегіне жүгіну керек. Сондықтан мұндай адамдарға бұл жоба тиімді болары сөзсіз.
— Жаңа жоба Павлодар аудандық емхана мен Аққулы аудандық ауруханасында қолданылып жатқанын айттыңыз. Бір айдың көлемінде аталмыш аудандарда қанша науқас салалық дәрігерлердің көмегін онлайн алды?
— Павлодар аудандық ауруханасында бір айдың ішінде 20 адам дәрігердің кеңесін қашықтан алған. Бұдан бөлек, эндокринолог, кардиолог және жалпы тәжірибе дәрігерінің қатысуымен 5 науқас консили-умға қатысқан. Емделушілердің бәрі көрсетілген қызметтің сапасына жоғары баға беріп, алғыстарын жеткізді. Жоба аясында тек жергілікті салалық мамандар ғана кеңес бермейтінін ескеру керек. Яғни, ауданға қарасты ауылдардың тұрғындары облыстағы ғана емес, республиканың өзге өңірлеріндегі салалық дәрігерлердің көмегін пайдаланады. Демек, науқастарға уақытылы көмек алуға жан-жақты көмек қарастырылған. Мұндай қабылдаулар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.
— Алдағы уақытта жаңа жоба қандай аудандарда қолға алынады?
— Бір айдың ішінде телемедицина жобасы өз тиімділігін көрсеткеннен кейін облыстағы барлық ауданды қамту жоспарда бар. Жақында өткен жиында бас дәрігерлер мен жобаны қосудағы техникалық мүмкіндіктерді де қарастырдық. Жыл соңына дейін бұл жоба аймағымыздың барлық ауданында жұмыс істейді деген ойдамын. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтатылмайды.
— Жаңа жоба дәрігер тапшылығы мәселесін шеше ала ма?
— Аймағымызда учаскелік дәрігер, жалпы тәжірибе дәрігерлері жеткілікті. Бірақ 50-ден астам салалық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе, уролог, кардиолог, гастроэнтеролог сынды мамандар қажет. Бірақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Павлодар облысы әкімі бөлген грант арқылы жоғарыда атаған бос орындарға қажетті дәрігерлер резидентурада білім алуда. Олар оқуды аяқтағаннан кейін біздің аймаққа келіп еңбек етуге келісіп отыр. 2026-2027 жылдары салалық дәрігерлерге тапшылық мәселесі шешіледі деген ойдамын. Терапевт мамандығында білім алатындар резидентурада 2 жыл, болашақ хирургтер 3 жыл білім алуы керек. Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек. Аудан орталығына келген салалық дәрігерлердің еңбегі тұрғындардың санына байланысты. Мәселен, ауданға келген кардиолог немесе гастроэнтеролог халық саны аз болса, жарты ставкада жұмыс істеуі тиіс. Мұндай ұсынысқа салалық мамандар келіспейтіні ақиқат. Сондықтан арнайы платформа арқылы салалық мамандардың кеңесін қашықтан жүргізу жобасы бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.
— Денсаулық жағдайы ауыр науқастарға салалық дәрігердің онлайн кеңесі жеткіліксіз болатыны сөзсіз. Бұл жағдайда емделушілер маманға қалай жүгінеді?
— Онлайн негіздегі дәрігерлік қабылдаулар жағдайы қалыпты, жоспарлы дәрігер кеңесін, тағайындауларды қажет ететін емделушілерге қолданылады. Ал ауыр жағдайдағы науқастар аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіліп, қажетті емді қабылдайды.
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.