Оқу жылына әзірлік қалай?

Там 21, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл 1 қыркүйектен бастап өңірдегі 360 мектепте 116 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 10 552 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Жалпы, 2025-2026 оқу жылында облыста 840 білім беру ұйымы жұмыс істейтін болады.

Кеше облыс әкімдігінде өткен жиында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды. Бұл ретте барлық балалар үшін сапалы қызметтерге тең дәрежеде қолжетімділікті қамтамасыз етуге, мектепке дейінгі секторды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткішін ұлғайтуға мүмкіндік беретін 220 орындық төрт жаңа балабақша ашылуда. Бұл ретте ауқымды қаржыландыру реформасы жалғасуда. Соның негізінде ваучерлік жүйе енгізілді. Бүгінгі таңда бұл тетікпен Павлодардың мектепке дейінгі 83 ұйымы қамтылып, 7545 ваучер берілді. Жыл соңына дейін жаңа модель өңірдің барлық балабақшасында іске қосылады. Бұл қаржыландырудың ашықтығын арттырып, мектепке дейінгі білім беру саласында бәсекелестік үшін жағдай жасайды.

Сол сияқты жайлы білім беру ортасын құруға көп көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 32 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде және бүгінде оның басым бөлігі аяқталды. Сонымен қатар, 21 мектепте 427,2 млн теңгеге жаңа оқу кабинеттері пайда болды.

Оқулықтармен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Оларды жеткізу орталықтандырылған түрде жүзеге асырылуда. Бұл ретте Павлодар, Екібастұз және Баянауыл толықтай қамтылды, ал басқа аудандарға оқу әдебиеттері кезең-кезеңімен жеткізілуде. Бүгінгі таңда қамтамасыз ету көрсеткіші 72 пайызға жетті. Енді алдағы күндері толығымен жеткізіледі деп күтілуде.

Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да – басым бағыттардың бірі. Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қосымша 1,2 млрд теңге сомаға әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11,3 мың оқушы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен тамақтанатын болады. Сонымен қатар, мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алу үшін осы санаттағы әрбір оқушыға 53 663 теңге төлем көзделген. Бүгінгі таңда 7,6 мың бала жалпы сомасы 409,1 млн теңгеге қаржылай көмек алды. Жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына депутаттар, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер қосылып, 12 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі.

Білім беру мекемелерін техникалық жаңғырту дайындығы жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Аймақтың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік те негізгі бағыттардың қатарында. Осы орайда мектептерде бейнебақылау, дабыл батырмалары, турникеттер орнатылған және күзет қойылған.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де қарқынды дамуда. Өңірде 21,9 мыңнан астам студент білім алатын 42 колледж жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау 6250 орынға дейін ұлғайтылды. Оның ішінде 9-сынып түлектерін 100 пайыз тегін техникалық және кәсіптік оқумен қамту жоспарлануда. Бұл ретте жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждердің материалдық базасын жаңғыртуға 250 млн теңге бөлінді, бұл сұранысқа ие мамандарды даярлауда өңірдің позициясын нығайтады.

Жиын барысында тәрбие жұмысына баса мән берілді. Ел Президенті «Біртұтас тәрбие» бірыңғай бағдарламасын «Адал азамат» деп атауды ұсынды. Ол негізгі құндылықтарды — патриотизм, әділеттілік, ынтымақтастық, кәсібилік және жастардың шығармашылық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс орталығында «Достық» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды, тағы екі нысан — 600 орындық мектеп пен А.Байтұрсынов атындағы мектепке 288 орындық қосымша ғимарат салынуда. Сонымен қатар, 1 қыркүйек қарсаңында Аққулы ауданының Тілектес ауылында 90 орындық, Павлодар ауданының Бірлік ауылында 120 орындық және Ертіс ауданының Бұланбай ауылында үш шағын жинақты мектеп ашылмақ.

Қорытындылай келе, өңірде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары кешенді және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтуге болады. Бұл өз кезегінде оқушыларға барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.