Қанша бала мектепке барады?

Там 21, 2025

Қазіргі таңда облыс мектептерінің 1-сыныбына 10 мыңнан астам оқушы қабылданды. Мамандардың айтуынша, құжат тапсыру науқаны биыл тамыз айының соңына дейін жалғаспақ.

Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша ағымдағы жаңа оқу жылында оқушылардың жалпы саны 116 мыңнан асады деп күтілуде. Олардың қатарындағы мектеп қабырғасын алғаш рет аттағалы отырған 10 321 бала құжат тапсырып үлгерген. Ай соңына дейін 1-сыныпқа баратын бала саны тағы да артатын болады. Себебі, құжаттар әлі де қабылдануда.

— Биыл 1-сыныпқа баратын оқушылардың жартысы, яғни 5 мың бала Павлодар қаласындағы мектептерде білім алмақ. Демек, осы жылы оқушы қатарына қосылатын балғындардың көбі облыс орталығында тұратыны белгілі болды. Дегенмен де, бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.

Бүгінгі таңда мектептерде құжат қабылдау науқаны қызу жалғасуда. Сондықтан баласын 1-сыныпқа бергісі келетін ата-аналар 31 тамызға дейін құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс, — деді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Әсел Шәріпова.

 Н.АҚЫТЕГІ.