Мұғалімдерді зейнетке ерте шығарған дұрыс па?

Там 21, 2025

Жаңа оқу жылының алдында қазақстандық ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа әлеуметтік желілер арқылы үндеу жасап, мұғалімдерді 55 жасында зейнетке шығару туралы ұсыныстарын жарыса айтуда. Сондай-ақ, осы мәселеге үн қосып, халық қалаулылары мен қара халықтан қолдау сұрап жатқан мұғалімдер қарасы қалың. Алайда бұл ұсынысты педагогтардың басым бөлігі құптағанымен, қарсылық танытып жат-қандары да баршылық.

Сонымен, мұғалімдерді зейнетке ерте шығарған дұрыс па? Бұл мәселеге сала өкілдері мен ата-аналар не айтады? Қоғамда қызу пікірталас тудырған мәселені «Алаң» айдарында талқылағанды жөн көрдік.

Рауза КЕНЖЕБЕКОВА, білім беру саласының ардагері, зейнеткер ұстаз:

— Өзім білім беру саласының ардагер ұстазы ретінде мұғалімдерді зейнетке ерте шығарған дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, балалардың сапалы білім алуы үшін тәжірибесі мол, білімді, білікті, тәжірибелі ұстаздар ауадай қажет. Әрине, мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек ету оңай емес, мұғалімдер шаршайды. Десе де, біз бірінші кезекте болашағымызды ойлауымыз қажет. Әсіресе, қазіргі заманның балаларымен жұмыс істеу өте қиын. Себебі, көбі бір үйдің тұла бойы тұңғышы, кенжесі немесе жалғызы болғандықтан, еркелеп, жас мұғалімдерді тыңдамайды, сыйламайды. Ал тәрбие жоқ жерде білім қайдан болсын? Оның үстіне қазіргі талап бойынша еркетотайларға дауыс көтеруге, нұқуға болмайды екен. Осыдай кейін өмірден түйгені аз, шыдамсыз жас мұғалімдер мектептен кетіп, басқа салаға ауысып жатқан жайы бар. Міне, осындай жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесін бөлісетін көпті көрген ұстаздар қазіргі белгіленген зейнет жасына дейін еңбек еткені жөн. Бәрін ерте зейнетке жібере берсе, мектепте кім қалады? Балалардың жағдайы қалай болады? «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», — деген нақыл сөзді атам қазақ тегін айтпаған болар…

Әйгерім АСҚАРҚЫЗЫ, Павлодар ауданы, Ямышев жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі:

— «Мұғалімдерді зейнетке ерте шығару қажет» деген ұсынысты қолдаймын. Себебі, қазіргі педагогтарға артылатын жауапкершілік мол, жүктеме көп. Салдарынан мұғалімдер егде тартқан сайын шаршайды. Олардың денсаулығын ойлау керек. Сонымен қатар, білім беру саласында еңбек ететін жандар заман ағымынан қалмай жаңа технологияларды үнемі меңгеріп алуы тиіс. Бұл ретте, жасы үлкен адамдардың қиналып қалатыны сөзсіз. Мәселен, елімізге электронды күнделік енген кезде зейнет жасына жақындаған ұстаздардың оны толтыра алмай, қиындықтарға тап болғанын білеміз. Сонымен қатар, бүгінде өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жас педагогтар аз емес. Егер мектептегі мұғалімдердің бәрі 60 жастан асқанша орнын босатпаса, жас мамандар қайда барады? Осы мәселені де ескерген жөн дегім келеді. Бірақ кейбір білім ордаларында, әсіресе, ауылдық жерлерде пән мұғалімдері жетіспей жатады. Егер мұндай қажеттілік туындаса, ондағы зейнетке шыққан ұстаздардың өз еркі бойынша қызмет істеуіне мүмкіндік берген дұрыс. Бастысы, ұзақ жыл бойы ұрпақ тәрбиелеумен айналысқан ұлағатты жандардың жағдайына қарау қажет.

Кәдірбек АТШЫБАЙ, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Менің ойымша, білім беру саласында қызмет істейтін мамандарды, яғни, мұғалім, тәрбиеші бәрін 55 жасында зейнетке шығарған жөн. Себебі, қазіргі заманның балаларымен жұмыс істеу оңай емес. Қай-қайсысы да бастарынан сөз асырғысы келмейді. Бүгінде мұғалім түгілі, ата-анасының айтқанына құлақ аспайтын жасөспірімдер көбейіп барады. Алпыстың асуынан асқан ұстаздардың немересіндей ұл-қыздың қас-қабағына қарап, «әке, көке» деп кішірейіп отырғаны мүлдем дұрыс емес. Оның үстіне бүгінгінің ата-аналары да қиын екенін мойындау керек. Қит етсе, мұғалімді кінәлай кетеміз ғой. Осы жағдайлардың бәрі жасы үлкен ұстаздардың жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, жүрегіне салмақ түсіретіні белгілі. Алаңдатарлық жағдай, әрине.

«Алты алаштың басы қосылса, төр — мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, кезінде жолын кесіп өтпейтін ұлағатты ұстаздарымыз 55 жасында сый-құрметпен зейнетке шығып, өмірдің рахатын көруі тиіс.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.