Аймағымызда балалар жарақаты мәселесі өзектілігін жойған емес. Әсіресе, жаз мезгілінде облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жүгінетін жасөспірімдердің саны артқан. Тәулігіне емдеу мекемесіне кем дегенде 70-тен астам бала қабылдауға келеді. Көп жағдайда 10 жасқа дейінгі балалар жиі жарақат алады.
Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі, травматолог және балалар дәрігері Талғат Қасымбеков биыл 7 ай ішінде 88 бала жоғарыдан құлағанын айтады. Оның ішінде 17 бала терезеден құлады. Өкінішке қарай, 5 жасөспірім алған жарақаты салдарынан қайтыс болған. Жол апаты кезінде 320 бала зардап шексе, оның екеуі бақилық болған. 333 баланы күйік шалған.
— Биыл көшеде жарақаттану фактілері көбейді. Бұл ретте 8403 бала дәрігер көмегіне жүгінді. Оның ішінде балалар ойын алаңындағы сырғанақтан 206 бала, әткеншектен 54 бала құлаған. Батутта секірген 69 бала, самокат тепкен 75 бала түрлі дене жарақатын алған. Мұндай оқыс жағдайлардың бәрі ата-ананың салғырттығынан орын алған. Алда күз мезгілі жақын. Жаңа оқу жылы басталған уақытта балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейеді. Ата-аналардан балаларды көзден таса қылмауға, қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырамын. Қазір ата-аналардың бәрі жұмысбасты. Бірақ бұл жағдай бала алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын есте ұстау керек, — дейді Талғат Оразғалиұлы.
Травматолог жаз мезгілінде травматология бөлімшесіне тәулі-гіне 90-ға жуық бала жүгінетінін жасырмады. Қазір күніне кем дегенде 70-тен астам бала дәрігер қабылдауына келеді. Оның ішінде 5-6 бала ауруханаға жатқызылады. Талғат Қасымбеков тәулігіне 2-3 отаға қатысатынын айтты.
— Балалар зардап шеккен оқыс жағдай көп. Жақында күйік шалған бір жастағы баланы емдедік. Үйде еңбектеп жүрген бала тәрелкедегі ыстық кеспені үстіне төгіп алған. Басы мен арқасынан басқа ағзасының бәрі күйіп қалды. Нәрестелердің терісіндегі судың мөлшері көп болатындықтан жара тез жазылмайды. Әлгі сәбиді 2 апта көлемінде ұзақ емдедік. Бұл – тек бір ғана жағдай. Ата-ананың бақылауынсыз қалып, оқыс жағдайларға тап болатын бала көп, — дейді дәрігер.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов биыл шомылу маусымында 2 бала суға кеткенін айтты. Құтқарушылар тар заттарды басына киіп, мойнына кептеліп қалған балаларға да көмек көрсеткен.
Мамандар ата-аналардан ұл-қызына барынша көңіл бөліп, сақтық шараларын қаперде ұстауға үйретуді сұрайды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттер informburo.kz сайтынан алынды.