«Билер кеңесі» — бірліктің шырақшысы

Там 28, 2025

Халық арасында «Жеті жарғыдан» бастау алған билік пен бітім дәстүрі бүгінгі қоғамда қайта жаңғырып келеді. Мәселен, Павлодар қаласында 6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Билер кеңесі – осының айқын дәлелі. Бұл кеңес мыңдаған істің түйінін тарқатып, талай шаңырақты сақтап қалды. Әділет пен татулықты басты ұстаным еткен би шешімдері тұрғындардың сеніміне айналып, бүгінде қоғам үшін маңызды медиациялық алаңға айналды. 

Жоғарғы Соттың Ережесіне сәйкес, 2019 жылы Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінде облыстық ардагерлер кеңесінің келісімі бойынша ардагерлер арасынан билер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Сол жылы қала ардагерлері өкілдерінің жалпы жиынында 22 адамнан тұратын Билер кеңесі сайланды. Қазіргі уақытта тағы бес адам сайланды. Қазіргі уақытта кеңестің 27 мүшесі бар. Олардың қатарына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандардың Құрметті азаматтары, кәсіподақ қайраткерлері секілді азаматтар бар.

Билердің қарауына тараптар арасында медиативтік келісім жасасуға болатын түрлі құқық бұзушылық пен даулардың материалдары беріледі. Бұл берешекті өндіріп алу, балалармен қарым-қатынас тәртібін анықтау, баланың ата-анасының бірімен тұрғылықты жерін анықтау, жол-көлік оқиғалары салдарынан материалдық және моральдық залалды өндіріп алу секілді даулар шешіледі. Мәселен, билер кеңесі құрылғалы 7 160 істі қараған. Оның 2 837-і — отбасылық, 277-сі еңбек дауы болса, 4 046-сы түрлі мәселені қамтыды. Олардың 60 пайызы тараптардың бітімге келіп, татуласуымен аяқталды.

— Билер кеңесі — бұл қазақ билерінің дәстүрін жаңғырту, дауласушылық деңгейін төмендету, құқықбұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын алу мәселелері бойынша салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөнінде құрылған кеңесші орган. Билер кеңесінің тұрғындар арасында адами қарым-қатынастардың сақталуы мен әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға тигізер септігі зор. Бүгінде Павлодар қаласында 22 би бар. Барлығы дерлік — аймағымыздың Құрметті азаматтары. Олар кезінде үлкен жауапты мемлекеттік қызмет атқарған. Қазіргі уақытта олар құрметті еңбек демалысында болса да, өздерінің тәжірибелерімен бөлісуде.

Біздің кеңеске келген істердің көпшілігі – тұрмыстық дау мен отбасылық жанжалдар. Мақсатымыз – жеңімпаз табу емес, ренішті тарқату. Көбіне адамдар бір-бірін дұрыс түсінбегеннен жанжалға барады. Әңгімелесіп түсіндіру арқылы көптеген мәселе оңай шешіледі, — дейді Ардагерлер және Билер кеңесінің мүшесі Рашит Бектеміров.

Билер кеңесі әрқашан жұмыстарын реттеп, болашақ жоспарларын бекіту үшін жиі бас қосады. Билер құрамында әр түрлі салада еңбек еткен тәжірибелі аға буын өкілдері енген. Олардың қатарында сот, құқық қорғау саласында бірнеше жыл табанды еңбек еткен ардагерлер де бар. Жуырда кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында ұйымның бүгінде атқарып жатқан жұмыстарының барысы баяндалды. Кейін Павлодар қалалық сот ғимаратындағы кезекті істің барысымен жалғасты. Олар алдағы уақытта да осы ұстанымнан таймай, әділ еңбек етеріне сенім кәміл.

Айдана БОРАНБАЕВА.