«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өндірісте еңбек ететін білікті мамандар қызметінің қыр-сырын танып, олардың мәртебесі туралы сөз етіп келеміз. Қазіргі таңда өндіріс саласында қызмет сатысы бойынша ілгері басып, өзінің арманын іске асырушы білікті мамандар баршылық. Осы ретте, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ электр-энергетикалық цехтың инженері Гусман Айтеев кәсіпорында атқаратын қызметі жайлы айтып берді.
Бүгінде электр-энергетика цехының инженері Гусман Айтеев – өз ісінің шебері. Зауытқа дейін атом саласында 14 жылдан астам еңбек еткен. Осыдан екі жыл бұрын өндіріске аяқ басып, слесарь-жөндеуші маманы ретінде жұмысқа орналасқан. Қызмет орны бірден көңілінен шығып, ұжыммен тез арада тіл табысады. Ал қазіргі қызметке ауысқан кезде жоғары оқу орнындағы сырттай оқуды қатар алып жүрген.
– Өзіме электр жабдықтарын өңдеу ерекше ұнайды. Сол себепті де бұл саланы таңдап, әлі күнге дейін танып келемін. Сондай-ақ, қандайда бір мәселені шешкен уақытта жабдықты үнемді әрі тиімді ету жолдарын қарастырамын. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы өндірісте анодтарды жағу пешін жөндеу және жану-жағу жабдықтарын жаңғырту кезінде электр-энергетик ретінде өз үлесімді қостым. Қызметім өндірістің барлық аспектілерін қамтиды деп айтуға болады. Әсіресе электр энергиясын қолдану арқылы жобалау, жабдықтарды пайдалану жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, зауыттың қоғамдық өміріне қатысып, ұжым атынан байқауларға қатысуға тырысамын, – дейді Гусман Айтеев.
Өз ісіне адал маман алдағы уақытта зауытта зейнет жасына дейін еңбек етіп, жыл бойы жиған-терген білімі мен зор тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуді жоспарлауда. Оның айтуынша, жұмыста бастысы қауіпсіздік ережесін сақтап, жаңа жабдықты зерттеп, жаңғыртуға баса мән беру керек.
Бүгінде адал жар, екі ұлдың асқар тауы Гусман Айтеев тәртіп пен тазалықты құптап, қол жеткізе алмаған белестерді балалары бағындырып, оларды биіктен көруді арман етеді.
С.ҒАББАС.