Көлік рәсімдеу жолы бұрыннан да жеңілдей түсті. Енді темір тұлпар сатып алсаңыз, атыңызға аудару үшін «автоцонға» барудың қажеті болмайды. Барлық жұмыстарды үйден шықпай-ақ онлайн тәртіппен рәсімдей аласыз. Яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы «ЦОН» мобильді қосымшасында «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» деп аталатын жаңа сервисті іске қосты. Толығырақ филиал директорының орынбасары Рахат Қошановпен әңгімелескен едік.
— Рахат Серікұлы, жаңа жүйенің көздегені не, мақ-саты қандай?
— Елімізде мемлекеттік қызметті цифрландыру жүйесі қарқынды жүріп жатыр. Иә, әлемдік өркениетке серпін берген жаңа технологияның мүмкіндігін біз де жан- жақты пайдалануымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да осы жаңашылдықтардан кеш қалмай, өзінің сервистерін, қызметтерін дамытып, цифрландырып жатыр. Яғни, аталған корпорацияның халыққа қызмет көрсету саласында цифрландыру процесі қарқынды жүруде. Жаңа жүйені іске қосудағы басты мақсат – біріншіден, қызмет алушылардың жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеу болса, екінші жағынан қызметті алу процесіндегі қауіпсіздікті нығайта түсті.
— Ендеше, халық «ЦОН» мобильді қосымшасының жаңа іске қосылған сервисі арқылы қандай қызметтер ала алады? Осыны түсіндіріп берсеңіз…
— Бұған дейін азаматтар көлікті сату немесе сатып алу рәсімін жасау үшін қызмет көрсету орталықтарына арнайы барып, QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл процесс алынып тасталды. Нақтырақ айтар болсам, бұл қызмет жоғарыда аталған «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Ал құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
— Бұл жаңа сервис алаяқтыққа және басқа да заңсыз әрекеттерге де жол бермейтін болар…
— Әрине, жаңа сервистің тағы бір артықшылығы – алаяқтықтың алдын алу. Себебі, көлікті сатып алатын адам да, сататын адам да құжатқа өзінің электронды қолтаңбасы арқылы қол қояды. Сонымен қатар, «ЦОН» мобильді қосымшасына тіркеліп, алып-сату рәсімін жасаған кезде алдымен биометриядан өтіп, адам өзінің кім екенін бет-жүзі арқылы растайды. Одан бөлек, ұялы телефон номеріне келген хабарландыру коды арқылы да ақпаратты нақтылай түседі. Егер, бұл талаптардың бірі орындалмаса бұл қызметтер қолжетімсіз болады. Яғни, барлық қызметтер қандай да бір үшінші тұлғаның қатысуынсыз, тек екі адамның арасында ғана жасалады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжатты қолдан жасау немесе қате мәлімет енгізу қаупін де болдырмайды. Ол үшін рәсімдердің заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.
— Жаңа қызметті қолданудың бағасы қанша тұрады?
— Жаңа қызметті қолдану үшін ұялы телефоныңызға «ЦОН» мобильді қосымшасын (App Store және Google Play) жүктеп аласыз. Қосымшаға кірген кезде «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» деп аталатын жаңа бөлім шығады. Біз іске қосқан жаңа қызметтің барлығын сол бөлім арқылы ала аласыздар. Аталған жаңа сервис осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап іске қосылды. Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге.
— Ақпаратыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.