Елімізде банк каратасын пайдалану ережесі өзгерді. Бұдан былай банкоматтағы ақшаны карта иесі ғана шеше алады. Жұбайы немесе туысқандарына ақшаны шешуге рұқсат берілмейді. Яғни, банк картасын пайдалану талабы қатаңдады. Банкомат ақшаны беруде карта пайдаланушысын экрандағы видео байланыс арқылы тексереді. Жаңа бастама қоғамда алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізіліп отыр. Оңай пайданы көздейтіндер біреудің қаржысына қол сұға алмайды. Жаңашылдық жақсылыққа бастай ма? Банк картасын иесі ғана пайдаланған дұрыс па? Мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Толқын НҰРМАХИН, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласы бойынша өңірлік өкілдер басқармасының басшысы:
— Банк картасын тек иесі қолданатыны — дұрыс шешім. Бұл бастама алаяқтық фактілерінің алдын алуға және дропперлердің заңсыз әрекетіне жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр. Дроппер – алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Кейде адамдар өз картасының үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмей, сан соғып жатады. Салдарынан қылмыстық фактілерді тергеу жұмыстары қиындай түседі. Алаяқтық аударымдар түрлі елде, әртүрлі адамдардың атымен жасалуы мүмкін. Қазір технология дамыған заманда интернет алаяқтығы белең алып отыр. Сондықтан жаңа талап өткір мәселені шешуге мүмкіндік бермек.
Банк картасы бір адамның атына ашылғаннан кейін иесі ғана қолданғаны жөн. Жаңашылдық алаяқтық фактілерін азайтып, заңсыз қаржы аударымдарының жолын кесетін болады. Сондықтан бұл бастаманы толық қолдаймын.
Сүйіндік ҚАЙЫРБАЕВ, облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны:
— Қазір код, құпия сөздің көмегімен мобильді қосымша арқылы банк картасына байланыс жасауға болады. Бұл арқылы үшінші адам картадағы ақшаны ала алады. Жақын туыстарына банк картасын беріп, оған қомақты көлемде ақша түсіп жатқанынан бейхабар адамдар да кездеседі. Тіпті, дроппер ретінде банк картасын өзгеге сататындар да бар. Біреуге банк картасын пайдалануға беру арқылы түскен ақшадан белгілі бір көлемде пайда көретіндер де жоқ емес. Қазір банк картасын өзгеге сатқан адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салғым келеді.
Туысқандарының өтініші бойынша өз атына банк картасын ашып беретіндер де жолығады. Міне, жаңа бастама осындай жағдайларға тосқауыл қояды. Өйткені интернет алаяқтығының басым бөлігі осындай жауапсыз әрекеттерден туындайды. Қазір банк картасынан ақша алған кезде видеобайланыс адамдардан медициналық бетперде, көзілдірік шешуді талап етеді. Бұл да аляқтықтың алдын алу үшін қолға алынды. Өкінішке қарай, облыста интернет алаяқтығы өткен жылмен
салыстырғанда 50 пайызға артып отыр. Бұған адамдардың аңғалдығы себеп. Жеке куәлігі мен мәліметтерді танымайтын адамдарға интернет арқылы жолдайтын жастар бар. Бұл арқылы алаяқтар есепшот ашып, қомақты қаражат шешіп алады. Осы салада жұмыс істегендіктен, жаңа бастаманы дұрыс деп есептеймін.
Бақытжан АЙТПАЙҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Менің ата-анам — зейнеткер. Көп жағдайда анама зейнетақысын өзім алып беремін. Мен үлгермеген кезде немерелері есепшотындағы ақшаны ала алады. Өздігінен көшеге шыға алмайтын, денсаулық жағдайына байланысты банкке бара алмайтын адамдар болады. Бұл жаңашылдық оларға қиындық туғызатыны сөзсіз. Бұдан бөлек, қазір таксиге отыра қалсаңыз, жолақысын әйелдерінің нөміріне аудартып жатады. Яғни, бір-бірінің банк картасын қолданатын ерлі-зайыптылар көп. Кейбірінің картасы несие төлемегендіктен, бұғатталған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өзгенің картасын қолданудан басқа амал болмайды. Әйелі банктің мобильді қосымшасы арқылы сауда жасаса, күйеуі әйелінің картасын пайдалана алады. Бұл өте тиімді. Жаңашылдық отбасында қалыптасқан жүйені бұзғалы тұр. Сондықтан ерлі-зайыптылар мен балаларына банк картасын қолдануда сенімхат берілгені дұрыс сияқты. Ең сенімді адамдарға банк картасын қолдануға мүмкіндік берілгені жөн деп санаймын. Алаяқтармен күресті құқық қорғау органдары жүргізуі керек.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.