«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», «Тектіліктің тұрпаты тәрбиеден танылады» деген ұғымдар — қазақ ұлты үшін өмірлік маңызы бар ұстанымдар. Тектіліктің жұрнағы тегеурінді тәрбие арқылы кейінгі жұрағатқа сіңісті болып жататынын да тарихтан жақсы білеміз. Замананың заңғар тұлғасы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзінің бір сөзінде: «Сен балаларыңды Ана тілінен айырма. Дүниеде «ген», қазақша «тек» деген ғылымның барын білесің бе? Сол ғылым ата-бабаның бірінде болған қасиет тек қуалай келіп, соңғы бір буыннан шыға келуі хақ дейді және ол Ана тілі араласқанда ғана жарыққа шығатын болу керек» деп өсиет қалдырған екен.
Ғұламаның ғасырларға азық, болашаққа бағдар, ұлтқа бұлжымас ұстаным болар осы сөздері өзінің маңызын әсте жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Тәрбие мен Тіл – қазақ ұлтының келешек келбетін, жүрер арнасын айқындайтын басты қажеттіліктер. Әр отбасының күнделікті ұстанымына айналған осы қажеттіліктер жеке тұлғаны ғана емес, тұтас қоғамды жолға салып, ұйыстырып отыр. Қаныш Имантайұлының жоға-рыда келтірілген сөзіне мысал һәм дәлелді алыстан іздеп қажет те емес. Атадан бота жинаудан гөрі өмірлік азық болар бата сіңіруді мақсат тұтқан ұрпақтың бірі – Еркін Сүйінғалиұлы Кулумжанов. Бұйрығы бес күндік осынау тірлікте небары 43 жыл жасаған Еркін Сүйінғалиұлы арғы бабаларының аманатына адал, тәрбиесіне тегеурінді болып өтті өмірден. Бұл кісінің арғы бабасы — Кеншімбай Қотанболұлы. Турап сөйлер өткірлігімен, ілкімді іскерлігімен, тайқымас табандылығымен, қарапайым да әділ болмысымен биік беделге, асқақ абыройға қол жеткізген Кеншімбай өз заманындағы аса құрметті қазақтардың қатарынан табылған. Бұл туралы қазақтың маңдайалды ғалым-дарының ұйтқысымен 2006 жылы Алматы қаласында басылып шыққан «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. VII том. Часть 1. О почетнейших и влиятельных ордынцах» атты жинақта да кеңінен сөз етіледі. Тарихи құжаттардың негінде жарық көрген осы еңбектің сегізінші томында: «Кеншімбай Қотанболұлы, аса құрметті қазақ, жасы 75-те. Өз болмысында қарапайым және әділ, ауқатты адам. Әжібай-Қанжығалы болысының Құдияр-Құрманқұл тармағынан тарайды. Сілеті, Көкпекті, Қызылқақ, Шолаққамыс атыраптарын жаз жайлау етіп, Бегайдар, Бөгелек сор мекендерінда қыстаған» деп жазылған. Кеншімбай Қотанболұлы ауыл старшыны болып еңбек етіп, елдің ұйысуы мен дамуына үлес қосып, жұрт арасында жоғары құрметке ие болғанын осынау тарихи, соның ішінде орыс халқының тарихи жазбаларынан танимыз. Әділдігімен абырой тапқан, шешендігімен шешім шығарған, қайсарлығымен табанды істерді жүзеге асырған осы Кеншімбай бабаның тектілік тұрпаты кейінгі ұрпақтарына да жұғысты болып, Еркін Сүйінғалиұлының болмысынан айқын көрінгенін байқаймыз. Айта кетелік, Еркіннің әкесі Сүйінғали 94 жас жасап, өмірінің соңына дейін имандылық жолын насихаттап, Бірлік ауылы мешітінде имамдық атқарып, жұртшылықты ізгілікке үгіттеп өтті. Еркін Сүйінғалиұлы 1940 жылдың желтоқсанында Қарағанды облысының Осакаровка ауданында дүниеге келген. Сүйінғалидан Жасұлан, Еркін, Мұрат, Болат тарайды. Әулеттегі екінші ұл Еркін 1950-1960 жылдары Қарағанды қаласындағы орта мектепте оқып, үздік нәтижемен тәмамдайды. Сонан соң болашақ мамандығын айқындап, жоғары білім игеру мақсатында 1962 жылы Павлодар индустриалды институтына түсіп, осы қабырғалы оқу орнын 1968 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірді. 1964 жылы отбасын құрып, Ляйлярхан Машайыққызы Идрисовамен отау тікті. Еркін Сүйінғалиұлының еңбек жолы Екібастұз қаласындағы өндірісте басталды. Осы қала-дағы құрылыс мекемесінде 1968 жылдан 1970 жылға дейін жемісті жұмыс жүргізді. Кейін, 1970 жылы Баянауыл ауданына қарасты Бірлік ауылындағы мектеп жұмысына ойысады. Осы білім ордасында математика және физика пәндерінен шәкірттерге 1983 жылға дейін білім мен тәрбие берді, үлгілі де өнегелі жол көрсетті. Өкінішке қарай, ол 1983 жылдың 24 маусымында бақи дүниеге аттанып кете барды. Адам баласы осынау өмірде қанша жаса жасағанымен емес, өзінің соңынан қанша-лықты татымды іс немесе сөз қалдырғанымен қадірлі, құрметті екені мәлім. Еркін Сүйінғалиұлымен аз уақытта аралас болған, алдын көріп, тәлімін алып шәкірт болған азаматтар оның әркімнен байқала бермес кісілігін, әділдігі мен кішілігін, парасаты мен пайымын жоғары бағалайды. Еркін Кулумжановтың отбасында Қайырболат, Сәулет, Нұржан, Жанболат есімді балалары өсіп-өніп, олардан Рүстем, Нұрсұлтан, Талғат, Ернұр, Зарина, Томирис, Диляра есімді немерелері мен Исахан, Акима есімді шөберелері әулеттің бабалардан келе жатқан абыройлы жолын жалғастыруда. 2006 жылы барша ұрпақтары тарихи тұлға ретінде танылған Кеншімбай Қотанболұлының қорымына ескерткіш белгі орнатқан еді. Енді, міне, бабаның есімін асқақ ұстаған ұрпақтары, соның ішінде Еркін Сүйінғалиұлының
әулеті өмірден озғанына 40 жыл толып отырған әкелерін еске алып, ізгі де қайырымды істерін өнеге ету мақсатында 2023 жылдың 30 шілдесінде, сағат 12.00-де Павлодар қаласындағы «Арафат» халал кешенінде дұға оқытуды көздеп отыр.
Асыл ӘБІШЕВ.