дейді өңірдің бас ұстазы Әйгерім Әбенова
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, егемен ел балаларының білімді болып өсуі мұғалімдер еңбегіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни, білімді ұрпақ тәрбиелеу – білікті маманның қолында! Бұл ретте, павлодарлық педагогтардың үлесі қандай? Күн сайын дамып жатқан цифрлық дәуірдегі ұстаздардың рөлі қалай? Кәсіби мереке қарсаңында осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін өңірдің бас ұстазы, облыстық білім беру басқармасының басшысы Әбенова Әйгерім Еркенқызын әңгімеге тартқан едік.
– Әйгерім Еркенқызы, алдымен өңір мұғалімдерінің жетіс-тіктеріне тоқтала кетсеңіз…
– Павлодар облысының мұғалімдері соңғы жылдары білім беру саласында бірқатар елеулі жетістіктерге қол жеткізуде. Біріншіден облыстық, республикалық деңгей-дегі байқауларда топ жарған ұстаздарымыз бар. Атап айтсақ, соңғы 3 жылда 400-ге жуық педагогіміз республикалық кәсіби конкурстарға қатысып, «Үздік педагог», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз», «Математикалық регата» сынды үлкен байқаулардан жүлделі орындармен оралды.
Екіншіден, білім беру сапасын арттыруда павлодарлық педагогтардың инновациялық жобалары, авторлық бағдарламалары мен заманауи әдістерді тиімді қолдануы салаға үлкен серпін беруде. Сондай-ақ, өткен оқу жылында облыстық
оқу – әдістемелік кеңес отырысында 1417 авторлық бағдарлама қаралса, республикалық оқу-әдістемелік кеңеске 16 жұмыс жіберілгенін атап өткен жөн.
Үшіншіден, ғылыми жобалар мен олимпиадалардағы оқушылардың жетістігі — мұғалім еңбегінің көрсеткіші екені сөзсіз. Осы орайда павлодарлық оқушылар жаратылыстану–математикалық бағыттағы пән олимпиадасы бойынша республика рейтингісінде 1-орынды иеленді.
Жалпы, өңір мұғалімдерінің кәсібилігі, жаңашылдығы мен ізденісі білім сапасының тұрақты өсуіне негіз болуда.
– Білім сапасын арттыру мақсатында ұстаздарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Әр үш жыл сайын педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін жаңарту мақсатында жоспарлы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Бұл курстар мұғалімдердің пәндік білімін жетілдірумен қатар, заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды меңгеруіне де жол ашады. Енді осы жұмыстарға жеке тоқтала кетер болсам, арнайы сүйемелдеу шаралары аудандық, қалалық және облыстық әдістемелік кабинеттер тарапынан тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл мұғалімнің тәжірибе алмасып, қиындықтарды бірге шешуі үшін өте маңызды. Материалдық және моральдық ынталандыру шаралары да назардан тыс қалмайды. Мәселен, республикалық деңгейдегі «Үздік педагог», облыстық «Жыл мұғалімі» конкурстары мен «Павлодар облысының білім
беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілері педагогтің еңбегін бағалау және мәртебесін көтеруге бағытталған. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі педагогтарға арналған көтерме жәрдемақылар, тұрғын үймен қамту сияқты әлеуметтік қолдаулар – мұғалім мамандығының беделін арттыратын маңызды факторлардың бірі саналады.
Міне, осынау қолдаулардың бәрі білім сапасына оң әсерін тигізіп, шәкірттердің табысты болуына ықпал етері сөзсіз.
– Осы оқу жылында павлодарлық мұғалімдер үшін қандай өзгерістер орын алды?
– Әрине, білім беру саласындағы әрбір жаңашылдық – уақыт талабына сай туындайтын қажеттілік және соған сәйкес педагогтердің кәсіби дамуын, оқыту сапасының артуын көздейтін жүйелі қадам деп білемін. Сонымен, осы оқу жылындағы ерекшеліктерге тоқталар болсам, «Көркем еңбек» пәнін кезең-кезеңімен бөлу шеңберінде 4-сыныпта «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндері жеке оқытылатын болды. Әрқайсысына аптасына 1 сағаттан бөлінеді.
Оқу деректерін жинап, талдайтын, материалдарды білім алушының деңгейі мен қызығушылықтарына бейімдейтін, күнделікті тапсырмаларды автоматтандыратын, көрнекі және интерактивті ресурстарды жасауға көмектесетін педагогтің жаңа мүмкіндіктері мен цифрлық көмекшісі жасанды интеллект оқу үдерісіне енгізілуде.
Барлық жастағы балалардың ата-аналарына арналған «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары» бағдарламасы жаңартылып, «Ішкі күш», «Баланың қауіпсіздігі» модульдері және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жандарға бағытталған сабақтар толықтырылды.
Қазақстан Республикасындағы орта білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алуды мақсат еткен «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы қанат қақты.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауын «Адал азамат» деп өзгерту туралы шешім қабылдаған еді. Бағдарлама бұған дейін іске асырылған бастаманың толыққанды жалғасы болып табылады. Мұндағы түпкі мақсат «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдарына сай, патриоттық рухта тәрбиеленген, білімді әрі жасампаз ұрпақты қалыптастыру. Жаңа оқу жылында мұғалімдер осы бағыттағы тәрбие жұмыстарына ерекше мән беріп, ұйымдастыруда.
– Цифрлық дәуірде ұстаздардың рөлі қалай болады деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда педагогтердің рөлі бұрынғыдан да күрделі болып келеді. Жаңа талаптар қойылуда. Мәселен, бұрын мұғалім тек білім мен ақпаратты жеткізуші болса, қазір ол оқушыларға бағыт-бағдар беруші және сыни ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамытушының рөлін атқаруда. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар заманында мұғалім жаңа құралдарды меңгеріп қана қоймай, оқушыларға оны қауіпсіз әрі тиімді пайдалану жолдарына үйретуде. Демек, мұғалім үнемі өз кәсіби деңгейін арттырып, жаңа әдістер мен технологияларды қолдануға дайын болуы арқылы үздіксіз дамып отыруы тиіс.
Осылайша, цифрлық дәуірде ұстаз білім берудегі басты тірек қана емес, сонымен бірге әрбір оқушының жан-жақты дамуына, тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін жанашыр жан болып қала бермек. Бұл — заман талабынан туындаған педагогикалық миссияның жаңаша мазмұны.
– Қазіргі ата-аналар мұғалімдерге көбірек қолдау көрсете ме, әлде, талап қоя ма?
– Бүгінгі ата-аналар екі түрлі, яғни талап қоюшы да, қолдау көрсетуші ретінде де өздерін көрсетуде. Егер педагогпен ашық, сенімді қарым-қатынас орнап, баланың дамуын бірге бақылап, серіктес ретінде ынтымақта жұмыс істесе, ата-ана қолдаушы рөлін алады. Ал егер білім сапасына, тәрбие жұмысына көңілі толмай, педагогпен кері байланыс жеткіліксіз болса, баланың жетістігіне тек мұғалімді жауапты деп санап, талап қоюшы рөліне ауысады. Қазіргі заманғы ата-аналар өте белсенді әрі білім беру үдерісінің тек сыртқы бақылаушысы емес, толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан педагог пен ата-ана арасындағы тиімді диалог, өзара серіктестік — табысты оқу-тәрбие жұмысының басты негізі болып табылады. Осы орайда биылғы оқу жылы «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары» бағдарламасы жаңартылып, табысты жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама балалардың салауатты дамуын қамтамасыз ету мақсатында жақсы ата-ана мәдениетін қалыптастырып, олардың психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік құзыреттерін арттыруға бағытталған жүйелі қолдауды ұсынады. Сонымен қатар, мектеп пен отбасының арасындағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудың өзара іс-қимылын нығайтып, ата-аналардың жауапкершілігін көтеруге септігін тигізуде. Мұның бәрі — білім беру үрдісінде ата-аналардың белсенділігін арттырып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
– Бүгінгі мұғалімдердің ең үлкен қорқынышы не деп ойлайсыз?
– Расымен де, бұл өзекті сұрақтардың бірі екен. Менің ойымша, қазіргі мұғалімнің ең үлкен қорқынышы — өз миссиясын, яғни білім беру мен тәрбиелеу ісін сапалы атқару барысында мемлекет тарапынан көрсетілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмауы деп ойлаймын. Сондықтан білім беру саласында еңбек етіп жүрген жандар ұлт болашағы – ұстаздың қолында екенін естерінен шығармағаны жөн.
— «Әрбір жаңа реформа мұғалімді жаңалыққа емес, бейімделуге мәжбүрлейді» деген ел сынына не дейсіз?
— Расымен де, бүгінгі білім беру жүйесі үнемі даму мен өзгеріс үстінде. Осы тұста, оқу үдерісінде «Мектеп – ата-ана – білім алушы» үштағанын үйлесімді ұйымдастыра отырып, басты кәсіби құзыреттіліктің бірі — жаңаруға дайын болу қажет. Бұл ұстаздың бәсекеге қабілеттілігін, кәсіби өсуге ұмтылысын және сапалы білім беруге деген жауапкершілігін көрсетеді дер едім. Жаңалықты қабылдай білу – даму кепілі, кәсіби табыстың кілті.
– Мереке қарсаңында ұстаздарға қандай тілек айтасыз?
– Әріптестеріме мықты денсаулық, кәсіби қызметтеріне шығармашылық шабыт тілеймін. Әрдайым шәкірттерінің құрметіне бөленіп, қоғам тарапынан лайықты бағасын ала берсін деймін. Жалпы, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбектері үшін алғысымыз шексіз.
Мектеп пен ата-ана арасында өзара сенім мен үйлесімді серіктестік орнатып, бірлесе әрекет ету арқылы бала тәрбиесінде үлкен нәтижеге жете берейік.
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар!
— Әңгімеңізге рақмет! Сізге де мереке құтты болсын дейміз.
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.