Жыл соңына дейін облыс орталығының тұрғындары тұтынатын судың әр текше метріне 94 теңгеден төлейді. Естеріңізде болар, биыл ақпан айында сараланған тариф енгізіліп, тұтынушыларды төрт топқа бөліп, соған сай тариф көлемі белгіленген еді. Енді құзырлы министрлік сараланған тарифтің тетігін нормативтік-құқықтық акті негізінде бекітіп, қайта енгізуді қолға алған көрінеді. Сондықтан, аймағымызда бәріне бірдей тариф суды тұтыну көлеміне қарай белгіленіп отыр.
Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов мәлім етті. Ақпанда енгізілген сараланған тариф бойынша жан басына шаққанда айына үш текше метрден асырмағандар 94 теңгемен төлесе, төртінші топқа жататын, яғни, су көлемін есепке алатын құрылғы орнатылмаған тұтынушылар текше метріне 197 теңгеден төлеген еді. Соңғы өзгерістерге сай биыл 31 желтоқсанға дейін тұтынушылар тек тұтынған су көлеміне қарай төлем жасайды. Әр текше метріне 94 теңгеден төлейді. Департамент басшысының айтуынша, сәйкесінше, тұтынушылардың төрт айда суға төлейтін ақысы айтарлықтай азаюы әбден мүмкін.
Жалпы, құзырлы мекеме тарифтің өзгеруіне инвестициялық бағдарламалардан бөлек бірқатар фактор әсер ететінін еске салды.
— Биыл қызметтің өзіндік құнына бірқатар фактордың әсер етуіне байланысты кейбір табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін қайта қарадық. Соның бірі қызметкерлердің жалақысын өсіру қажеттілігі ескерілді. 2024 жылы өндірістік қызметкерлердің айлығы 390 мың теңге деңгейінде болса, биыл 470 мың теңгені құрады. Себебі, жалақының аздығы коммуналдық секторда білікті мамандармен қамтуға кері ықпал етеді, — деді Нұрлан Әуелбекұлы.
Тағы бір фактор — стратегиялық тауарлар құнының өсуі. Мәселен, 2024 жылы көмірдің тоннасы қосымша құн салығынсыз 3092 теңге болса, биыл 4300 теңгеге жеткен. Электр энергиясының да бағасы артқан. Яғни, елімізде «Бірыңғай сатып алушы» арқылы электр энергиясын сатып алу және сату да кәсіпорындарда тұтынылатын электр қуатының шығынын өсіріпті. 2024 жылы сағатына 1 киловаттың құны ҚҚС-сыз 15,6 теңге болса, биыл 24, 68 теңгені құраған. Осы ретте, департамент басшысы тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің өзіндік құнының 30-40 пайызын дәл осы стратегиялық тауарларға кететін шығын құрайды. Демек, бұл шығындардың тарифтің өзгеріуне әсер етуі — заңдылық.
Елімізде табиғи монополиялар субъектілері «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Оның аясында 15,9 млрд теңге көлемінде қосымша инвестиция тартылған. Ал 2027 жылға дейін тартылған инвестиция көлемі 64 млрд теңгені құрап отыр. Нұрлан Әуелбекұлы биыл іске асуы тиіс инвестициялық бағдарламалардың барысына тоқталды. Мәселен, «Горводоканал» кәсіпорны 806 млн теңгенің инвестициялық шараларын жүзеге асыруда. Оған 3,5 шақырым су өткізу желілеріне және 0,3 км кәріз желісіне күрделі жөндеу жүргізуде. Кейбір жұмыстар аяқталған. Аталған шаралар желілердің тозуын төмендетіп, 5А шағын ауданын сумен кідіріссіз қамти алады деп күтілуде. «Горэлектросеть» кәсіпорны инвестициялық бағдарлама аясында 2025 жылы 445 млн теңгенің жұмыстарын атқармақ. Кабельді электр желілерді қайта жаңарту, жаңасын тарту жұмыстары көзделген. Мысалы, №148, №149 трансформаторлық қосалқы станциялар арасында 10 мың вольттік жаңа кабельді желі тартылуда. Бұл шарадан кейін тұтынушыларды электрмен қамту сенімділігі артып, желілердегі апаттық жағдайлар сирейді деп болжануда. Ал «Павлодар-Водоканал» ЖШС биыл 4 млрд 598 млн теңгенің инвестициялық бағдарламасын іске асыруда. «ПРЭК» АҚ 2025 жылы 4 млрд 494 теңгенің жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жоспарлаған. «Павлодар жылу желілері» ЖШС 755 млн теңгенің шараларын инвестициялық бағдарламаға енгізген. Яғни, жылыту маусымына байланысты ауқымды жұмыстар қолға алған. Мұның барлығы — тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтудың қамы. «Павлодарэнерго» АҚ да қалыс қалған жоқ. Кәсіпорын 5 млрд 168 млн теңгенің инвестициялық бағдарламасын іске асыруда. Оның 2,4 млрд теңгесі жоғарыда аталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тартылуда. Жылу қазандықтарында жүргізілген маңызды жобалар жабдықтардың сенімді жұмысын айтарлықтай арттырады деп күтілуде. «Қазақстан алюминийі» АҚ жылумен қамту бағытында 238 млн теңге көлемінде инвестиция тартқан. Нақтысы, жылу қазан-дықтарында, жабдықтарда күрделі жөндеу, кейбір бөлшектерін ауыстыруға мән берген. Нәтижесінде кейбір қазандықтардың тозу көрсеткішін төмендету мүмкін болмақ.
Департамент табиғи монополия субъектілеріне жоспардан тыс тексерістер де жүргізеді. Биыл 9 айда 7 тексеріс жүргізіліп, оның бесеуінде бұзушылықтар анықтаған. Соның біріне тоқталсақ, Кенжекөл ауылы тұрғындарының шағымы негізінде жүргізілген тексеріс барысында «Павлодар-Водоканал» ЖШС заңнамада көрсетілмеген қосымша талаптар қою арқылы тұтынушылардың реттелетін сумен қамту қызметіне қолжетімділігіне шектеу жасағаны анықталған. Нақтысы, су құбырының сыртқы желілеріне техникалық қызмет көрсетуге міндетті төлем алған. Ал бұл жұмыстарды мердігер ұйым жүргізген, ол үшін кәсіпорын ақы алмауы тиіс еді. Департаменттің араласуымен тексерістен кейін кәсіпорын алынған ақыны тұтынушыларға толық қайтарған, сондай-ақ, айыппұл арқалады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.