Павлодар қаласындағы дүкен сатушысы бір тауарды екі түрлі бағамен ұсынған. Тұтынушы түсірген арыздан кейін облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру кезінде тауар бағасы кассадағы бағамен сәйкес келмегені анықталды.
– Павлодар тұрғыны тауарды сөредегі бағаға қарап таңдап, кассада төлем жасаған кезде айырмашылық болғанын байқайды. Тұрғын жазбаша өтініш түсіріп, департамент тарапынан тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған 11 796 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді департамент басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Ведомствоға өзге де шағымдар келіп түсуде. Осындай факті жұмыртқа өнімін саудалағанда да тіркелген. Яғни, қолма-қол ақшаға алатын болса, бағасы 510 теңге, банк қосымшасының QR-код арқылы 540 теңгеге сатылған.
Департамент өкілдері мұндай әрекет заңға қайшы екенін айтты. Сатушы тұтынушылардың құқықтарын бұзатын шарттарды, оның ішінде төлем тәсіліне байланысты бағаны өзгерте алмайды.
Еске сала кетейік, ақпан айында Павлодар қаласының тұрғыны конвейерлік көлік жуу орталығында темір тұлпарын зақымдап алған болатын. Көлік иесі мұны дәлелдеу үшін соттың көмегіне жүгініп, бір миллион теңгеге жуық өтемақы талап етті.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары өңір тұрғындары өздерінің тұтынушы құқығын қорғауда белсенділік танытуда. Биылғы сот істерінде тұтынушылардың пайдасына түскен шешімдер басым. Жыл басынан бері облыстық Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері 22 сот процесіне қатысып, тұрғындардың мүддесін қорғады. Осылайша, тұтынушыларға 73 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
– Тағы бір істі біз 20 адамның атынан тікелей талапкер ретінде қарадық. Олардың барлығы бір фитнес-клубтың тұтынушысы болған. Клуб иесі орталықты басқа кәсіпкерге сатып жібергенімен, тұтынушылар алдындағы міндеттемелерді орындамай қойған. Соның салдарынан адамдар алдын ала төлем жасаған қызметін ала алмай қалды. Ақыры іс сотқа жетіп, медиативтік келісім жасалды. Нәтижесінде клиенттерге шамамен 900 мың теңге қайтарылды, — дейді Н.Әубәкірова.
Тұтынушылар осындай фактілердің куәсі болған жағдайда Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 8 (7182) 551070 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.