Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанында жас ұстаздар кәсіподағының кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің қалалық филиалында 37 жас мұғалім бар. Олар қала мектептеріндегі жас ұстаздарды қолдау бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Кеңеске 35 жасқа дейінгі мектеп мұғалімдері қабылданады.
Павлодар қаласы бойынша жас ұстаздар кеңесінің төрағасы – Үмітжан Қасен. Ол 2021 жылдан бері осы кеңес құрамында болса, 2025 жылдың басынан бері филиал төрағасы болып жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, №48 жалпы орта білім беру мектебінде география пәні мұғалімі болып қызмет істейді.
– Қала мектептерінің жас педагог-тары үшін жастар кеңесінің маңызы зор. Себебі, біз кәсіподақ тарапынан жас мұғалімдерді дамытуға арналған түрлі шаралар, кездесулер өткізіп, оларды кәсіби тұрғыда қолдап келеміз. Атап айтар болсам, өнерлі жастар арасындағы «Жайдарман» ойындары, бірінші жыл келген жас мамандарды ұстаздар қатарына қабылдауға арналған «First Year Experience» кездесуі, Баянауыл ауданының Жасыбай көлі жағасында өткен пленэр-лагері өте пайдалы әрі қызықты болды. Одан бөлек семинарлар, форумдар, дөңгелек үстелдердер жиі өтіп тұрады. Сондай жиындарда жас ұстаздарға өз құқықтары мен нормативтік актілер туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ, білім бөлімі басшысымен, әдіскерлермен кездесу өткізіп, түрлі мәселелерді талқылаймыз, – деді Үмітжан Қасен.
Бүгінде қала мектептерінің бәрінде кәсіподақтың мектепішілік ұйымдары бар. Онда да белсенді жас ұстаздар түрлі бағытта жұмыс жүргізуде. Жалпы, кәсіподақ ұйымының жастар кеңесінің жас мамандарға берер пайдасы зор. Ұйым оларды түрлі бағытта қолдаудан бөлек, кәсіби тұрғыда өсуіне де мүмкіндік береді. Яғни, осы кеңестің құрамындағы жас ұстаздар қатарынан қазіргі кезде мектеп директоры, директордың орынбасарына дейін көтерілгендер де бар.
– Солардың бірі – жастар кеңесінің бұрынғы белсендісі Әлібек Төлеуов. Ол өз тәжірибесінің, көшбасшылық қасиетінің нәтижесінде басшылық қызметке көтерілді. М.Әлімбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Оразбек Бақытхан да осы жастар кеңесінен шыққан. Жастар кеңесінің жұмысына белсене араласа жүріп, «Жас ұстаздар» ұранын шығарды. Бүгінде бүкіл ел ұстаздары осы әнді орындап жүр. Ал тағы бір әріптесіміз Әсет Серікбай өз кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу ісі жөніндегі орынбасар дәрежесіне дейін жетті. Ол білім беру саласында бірнеше инновациялық жобаларды іске асырып, республикалық педагогтар съезінде Мемлекет басшысының алдында сөз сөйледі. Оның табандылығы мен ізденімпаздығы жастарға үлгі бола алады, – деді жастар кеңесінің жетекшісі.
Жастар кеңесінің жоспары бойынша жыл соңына дейін тағы бірнеше маңызды шара күтіп тұрғанын айтады. Атап айтсақ, биылғы жұмысшы мамандықтар жылына арналған кездесулер, жас мамандарды ұстаздар қатарына қатарына қабылдау сынды шаралар бар.
Тілеуберді САХАБА.