Кәсіпкердің мұңы қандай?

Қаз 9, 2025

Аймағымызға «Amanat» партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиев арнайы келіп, кәсіпкерлермен кездесті. Ол партия жанындағы кәсіпкерлік жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысына қатысты.

Бұл жиынға орталық органдардың өкілдері ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.

– Бұл бастаманың негізгі мақсаты — шағын және орта бизнес өкілдері арасында диалог орнату, кейбір әкім-шілік қиындықтарды шешу, – деді Елдар Жұмағазиев. Одан кейін облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко сөз алып, кәсіпкерлер үшін аталмыш жиынның маңыздылығына тоқталды. Шаруашылықтарға берілген мүмкіндіктер, яғни мемлекеттік субсидия, гранттардың бөлінуі, инфрақұрылымның дамуы сынды жобалар нәтиже беріп жатқанын алға тартты. Сол арқылы кәсіп иелері екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға жұмыс тауып беріп, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуде. Сәйкесінше кәсіптегі туындаған кейбір мәселелер мемлекеттік деңгейде өз шешімін табуы керек деді.

Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Желіде туризм, энергетика, экономика, өнеркәсіп саласына қатысты сұрақтар көтерілді. Қойылған сауалдардың басым көпшілігі экономика тақырыбына арналды. Мәселен, салықтың шағын және орта бизнеске әртүрлі тағайындалуы, қаржы жетіспеушілігі сөз болды. Жауаптылар кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге тырысты.

— Ең үлкен мәселе — жастардың ауылдан кетуі. Бізге жас жұмыс күші ауадай қажет. Алайда, оларды ойландыратыны — қаржыландыру мәселесі. Сондықтан жас кадрларға қордан берілетін көмек мөлшерін көтеру мүмкін бе деп сұрағым келеді, — деді «Ткачук» шаруа қожалығының иесі Сергей Сергеевич.

— Дәл осы мәселе бойынша кепілді қорда 7 млрд теңгедей қолдау қарастырылған. Қалалық немесе ауылдық қожалықтар деп ешкім бөліп жармайды. Яғни, әр кәсіп иесі соның ішінде ауыл шаруашылығының кәсіпкерлері қосымша кепілдікті алуға құқылы, — деп жауап берді қор өкілі.

Сонымен қатар, еңбек мигранттарын да кәсіптік мақсатта арнайы жұмыспен қамту жолында кездесетін кейбір кедергілер талқыланды. Дәлірек айтсақ, оларды белгілі бір қызметтен бұрын ауыл шаруашылығына жұмылдыру керек. Себебі, еңбек мигранттары арнайы бір талаптар төңірегінде ғана қызмет ете алады.

Құзырлы мекеме өкілдері келешекте осы шарада көтерілген біршама мәселелерді қарастыратынын жеткізіп, тікелей желіні аяқтады. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жиі өткізілетін болады.

Сара АВДОЛ.