Торайғыров университетінде облысымыздың Құрметті азаматы, ардагер журналист, белгілі жазушы Ғалия Құсайынқызымен кездесу өтті. Шараға университеттің ұстаздары мен студенттері қатысып, өңірдің рухани өміріне айрықша үлес қосқан қаламгердің еңбек жолымен танысты.
Ғалия Балтабай 1948 жылдың 1 маусымында Павлодар облысы Железин ауданының қазіргі Аққайың ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – тележурналист. 1966 жылы Ертіс ауданындағы №2 қазақ мектебін тәмамдап, 1972 жылы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірген. Кездесу барысында ардагер журналист өзінің шығармашылық жолы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
— Журналист болсам деген арманым бесінші сыныптан басталды. Ол кезде балалардың көбі журналист мамандығы туралы білмейтін. Сол жылы біздің ауылға белгілі балалар ақыны, «Saryarqa samaly» газетінің меншікті тілшісі Мүбәрак Жаманбалинов келіп, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Мүбәрак ағамыз әдебиет пәнінің мұғаліміне «болашақ журналистер бар ма екен, соны білейін деп келдім», — деді. Сосын бәрімізге Қазақ елі тақырыбында шығарма жаздырды. Шығармаларды оқып шығып, екі оқушыны атап, осылардан нағыз журналист шығады деді. Сол екі баланың бірі мен едім. Сол сөз менің өмірімнің бағытын өзгертті, – деп еске алды қаламгер.
Ғалия Балтабайдың қаламынан туған өткір сын материалдар мен телехабарлардың арқасында өңірде көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Соның ішінде Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ театрының қайта ашылуы — журналистің ерекше еңбегінің нәтижесі.
— Павлодарда қазақ театры соғыс кезінде өртеніп кетті. Менің ішімде бір намыс бар еді. Неге бізде өз тілімізде сөйлейтін, ұлттық рухты көтеретін театр жоқ? Осы мәселені көтеріп, мақала жаздым, басшылыққа шықтым. Сөйтіп, Ж.Аймауытов атындағы қазақ театрының қайта ашылуына мұрындық болдым. Бұл менің тіліме, еліме деген құрметім еді, – деді ардагер журналист.
Ол қазіргі жас журналистерге өз тәжірибесіне сүйене отырып, ақыл–кеңесін айтты.
— Бүгінгі журналист қоғамдағы өзекті мәселеге бейжай қарамауы керек. Тек болған оқиғаны айту жеткіліксіз, сол мәселені шешуге де үлес қосу қажет. Халықтың мұқтажын айтып қана қоймай, оның шешімін бірге іздеу – журналистің басты міндеті, — деді.
Кездесу соңында Торайғыров университетінің 65 жылдық мерей-тойына орай ректор Нұрлан Медетов Ғалия Балтабайға гүл шоғы мен алғыс хат табыс етіп, журналистика саласына сіңірген еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.