Болашақта әскер жасына жетіп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниеттенген жігіттер қандай әскери бөлімде қызмет еткісі келетінін өздері таңдауы мүмкін. Мұнда олардың бұрын алған мамандығы мен әскери дайындығы ескеріледі. Бұл қызмет SARBAZ+ деп аталатын үлкен пилоттық жоба аясында іске асырылмақ. Яғни, азаматтарға әскери комиссариатқа бармай-ақ, «MyArmy.kz» деп аталатын сайт арқылы көптеген мәселені онлайн шешуге мүмкіндік берілді. Бұл жаңашылдық әскерге шақыру жүйесін заманауи және ашық етуге бағытталған деп сендірді қорғаныс саласының мамандары. Иә, бастама бір қарағанда тиімді көрінгенімен қорғаныс саласының сапасын жақсарта ала ма деген заңды сауал туындайды. Бұл жайлы қоғамның пікірі екіұшты. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып көрейік.
Алмасбек БҰХАРБАЕВ, Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник:
– Бұрын жергілікті әскери басқару органдарына жеке баруды талап ететін қызметтер енді сайт арқылы қолжетімді. Енді азаматтар мерзімді әскери қызметке немесе келісімшарт бойынша қызметке өтініш бере алады, өздерін қызықтыратын сауалдарға жауап ала алады. Сонымен қатар, өздері қалаған әскери бөлімдерді, әскери қызметтерді таңдай алады. Мұның ұтымды жағы көп деп ойлаймын. Яғни, жастардың әскерге баруға деген қызығушылықтарын оятып, оларды барынша ынталандыра түспек. Себебі, қазір жастар арасында түрлі саланы меңгерген, спортпен айналысатындары көп. Мысалы, біреуі байланыс саласын меңгерген болуы мүмкін. Ол өзінің саласы бойынша әскери құрылымды таңдайды. Ал біреуі шекара қызметіне барғысы келеді. Оған да таңдау мүмкіндігі беріледі. Қазіргі уақытта SARBAZ+ жобасы Алматы облысының №78460 әскери бөлімінде өткізілуде. Кандидаттарды іріктеу Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментімен іске асырылады. Сынақ сәтті өткеннен кейін оны Қарулы Күштердің басқа әскери бөлімдерінде жүзеге асыру жоспарлануда.
Төлеген ҚОҚЫМБАЕВ, Павлодар облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары:
– Әскери қызмет атқарған адам ретінде бұл бастаманы құптамаймын. Мысалы, біздің кезде қалай болғанын бәріңіз білесіз. Әскер жасына жеткен азаматтың атына шақыру келеді ме болды, оған Отанды қорғауға баруы міндетті. Қазіргідей жалтару немесе мен осы жерге барсам деп таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Ал кейбір жастар өздері алдын ала дайындалып жүреді де, сарбаздар сапына қосылғаннан кейін барып маманданған саласына таңдау жасап жатады. Бірақ, бұл сирек кездесетін құбылыс еді. Мысалы, десанттық әскери қызметке дайындығым жоғары дейді. Оны екі жақтың талқылауымен, келісімімен соған жібереді. Ал жақында осы жаңалықты теледидардан көрдім, яғни, болашақ сарбаздар үйінде отырып, портал арқылы өзі қалаған әскери бөлімін таңдап, тіркеледі екен. Ол дұрыс емес. Бұның жоғары оқу орнынан не айырмасы қалады? Қазіргі әскери мерзім бар болғаны бір жыл ғана. Соның өзін өздері таңдаса одан қандай мықты Отан қорғаушы шығады. Жасы толған, денсаулығы дұрыс жігіттер қандай қызмет болса да үйреніп, дағдылануы керек және өзін қорғай білуі шарт. Мысалы, барлығы орталықтардағы қауіпсіздігі жоғары әскери бөлімдерді таңдады делік. Олар ары кетсе қарауылға шығады, көше қауіпсіздігін бақылайды. Ал қауіптілігі жоғары әскери-әуе күштеріне, теңіз қорғаныс күштеріне кім барады?!
Нұрбол АУТАЛИЕВ, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Осы жаңалықты естігенде қуанып қалғаным рас. Себебі, қайбір кездері жасы толған жігіттерді ата-анасына ескертпестен көшеден ұстап алып кетіп жатты. Бұл — алғаш әскерге шақырылған азаматтар үшін өте қорқынышты жағдай. Сондықтан, мұндай порталдардың іске қосылғанын құптаймын және оның ішіндегі әскери бөлімді өздері таңдауға болатын бөлім іске қосылса тіпті жақсы болар еді. Бұл жігіттердің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге деген құлшынысын арттырмаса кемітпейді. Себебі, әр адамның бейімі әртүрлі және оны өздері ғана біледі. Мысалы, біреу шекара қызметіне қызықса, енді бірі байланыс саласына жақын болуы мүмкін. Міне, бұл әскердегі кейбір келеңсіздіктерді азайтып, олардың қауіпсіздігін күшейте түсетін тиімді жоба деп санаймын. Сондықтан, осы жоба іске қосылса менің айналамдағы қаншама жігіт оқуларын аяқтағаннан кейін осы портал арқылы әскери бөлімді таңдайтынына күмәнім жоқ. Сондықтан, оған дейін іске қосылып та қалатын шығар.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.