Цифрлық қолдау құралы

Қаз 16, 2025

Павлодар қаласында әлеуметтік сала мамандарының кәсіби біліктігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг өтті. Оған аймақтың қала-аудандарындағы отбасын қолдау орталықтарындағы қызметкерлер қатысты.

Шараны  Павлодар қаласының  «Отбасын қолдау  орталығы» ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетейік, облыста отбасын қолдаудың 8 орталығы ашылған. Семинардың ашылуында орталықтың  директоры Гүлнәр Нұржанова мекеменің қызметін таныстырды.  Сонымен қатар, аудан-қалалардан келген мамандар мен басқарма өкілдері сөз сөйлеп, отбасы саясаты мен әлеуметтік қолдаудағы өзекті мәселелерді көтерді. Семинар барысында «FSM  Social» қосымшасының таныстырылымы өтті.

Жаңа цифрлық  құралды орталықтың құрылымдық бөлім басшысы Қуаныш Жаңабердінов таныстырып, оның артықшылықтарын түсіндірді.

–  Семинар-тренингтің басты мақсаты — қызметкерлерді «FSM Social» мобильдік қосымшасымен жұмыс істеуге үйрету. Бұл жүйе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жедел әрі жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. «FSM Social» қосымшасының көмегімен біз қиын жағдайға түскен адамдар мен отбасыларға бюрократиялық кедергілерсіз, тез арада қолдау көрсете аламыз. Бұрын ол үшін көп уақыт кететін болса, енді бір ғана сигнал арқылы қажетті шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – деді «Отбасын қолдау  орталығының»  басшысы  Гүлнәр  Төлегенқызы.

Оның айтуынша, қосымшада қала бойынша құрылған мобильді топтар жұмыс істейді. Мобильді топтардың құрамына денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер органдарының өкілдері кіреді. Мәселен, Павлодар қаласында 15 мобильді топ  құрылып, оған  5 ауылдық округ қосылған.

Қосымша қалай жұмыс істейтіні туралы  орталық басшысы  кеңінен баяндап берді.

– Егер отбасыға көмек қажет екені белгілі болса, мобильді топтың кез келген өкілі қосымша арқылы белгі береді. Осыдан кейін нақты іс-шаралар жоспары жасалып, отбасыға қажетті көмек түрлері көрсетіледі. Ол – жәрдемақы рәсімдеу, құжаттарды қалпына келтіру, психологиялық немесе құқықтық қолдау көрсету болуы мүмкін. Мысалы, мектепте оқушының сабаққа бармай жүргені, көңіл-күйінің төмен болғаны немесе ұқыпсыз киініп жүргені байқалса, мұғалім мен әлеуметтік педагогтар сигнал береді. Біз дереу жағдайды тексеріп, отбасыға қандай көмек қажет екенін анықтаймыз. Кейде психолог қажет, кейде құқық қорғау органдарының араласуы керек болады. Мұндай жұмыстардың бәрін қосымшаның көмегімен жедел ұйымдастыруға болады, – дейді орталық директоры.

Семинарда спикер ретінде бірінші болып сөз сөйлегендердің  қатарында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова әлеуметтік саладағы жаңашыл бастамалар жайлы баяндама жасады. «Отбасын қолдау орталығының» директоры Гүлнәр  Нұржанова, орталық директорының орынбасары Серік Жолдаспаев, құрылымдық бөлімше жетекшісі Қуаныш Жаңабердінов және құрылымдық бөлімше жетекшісінің міндетін атқарушы Аида Серікқызы  болды. Сонымен қатар, спикерлердің қатарында сала мамандары мен әлеуметтік жобалардың өкілдері болды. Психологтар Мария Тураева мен Кималь Камалова отбасы ішіндегі психологиялық қол-даудың маңызына тоқталды. Балалар құқығы жөніндегі аймақтық өкіл Сауле Шәкенова кәмелет жасына толмағандарға қатысты мәселелерді көтерді. «Сен жалғыз емессің» жобасының авторы Айжан Қаркенова әйелдерге қолдау көрсетудегі тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар мұндай шаралар қызметкерлердің кәсіби тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, отбасыларға көрсетілетін көмек сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.