Ән әуелеген әулет

Қаз 16, 2025

Өнерді өздеріне серік еткен «Атамекен» халықтық ансамблі аймақ тұрғындарына, әсіресе, ақсулықтарға кеңінен таныс. Отыз жылдан астам тарихы бар отбасылық шығармашылық ұжым осы уақыт аралығында биік белестерді бағындырды. Көптің көңілінен шығып, көрерменін тәнті етті.

«Атамекен» ансамблін ерлі–зайыпты өнер иелері Бақыт Бағдәулетұлы мен Күлән Қойлыбайқызы 1994 жылы құрған. Содан бері ұл-қыздарымен бірге ұлттық өнерді ұлықтап, көпшілік алдында әсем ән шырқап, күмбірлеген күй тартуда. Ал 2009 жылы шығармашылық ұжымға «халықтық» деген атақ берілген екен.

– Отбасылық ансамблді құрудағы басты мақсат — халық арасында ұмыт бола бастаған қазақтың ән-күйлерін насихаттап, көрерменге өз өнерімізді паш ету, оларды рухани азықпен сусындату. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараларды думандатып ұйымдастыруға атсалысып, әр түрлі деңгейдегі байқауларға қатысу арқылы өнерімізді шыңдап жүрген жайымыз бар, —
дейді топ жетекшісі Бақыт Бағдәулетұлы.

Оның айтуынша, таланттардан тұратын отбасы көптеген қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға қатыстып, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, халықаралық «Түркістанды аңсау» этномәдени байқауында ІІ орын, республикалық «Ел іші–өнер кеніші» атты Астана қаласында өткен телевизиялық байқауға ақсулық өнерпаздарымен бірге қатысып, бас бәйгені жеңіп алған. Ал облыстық «Әулеттер шеруі» сайысында ІІІ орын, «Ақсәулем» әндер байқауынан тағы да ІІІ орын, «Мөлдір бұлақ» байқауында жүлдегер атанған. Тізбектеп айта берсе, бұдан басқа да жетістіктері толағай.

Қуантарлығы, осындай өнер иелерімен қатар, шәкірттері де түрлі шығармашылық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде.

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», — демекші жолдасым Бақыттан тәлім алып, шығармашылық талантын шыңдап, талабын ұштап жүрген жеткіншектер көп. Олар да қалалық, облыстық, республикалық байқауларда ұстаз үмітін ақтауда. Айталық, шәкірттері республикалық «BI жұлдыздар» байқауында ІІІ орынды еншілеп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық «Абай оқулары» байқауында оқушысы Сейілхан Аманбол ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңге қатысып келді. Бұл сайыстан Динара Халиханова, Рая Қайратхан есімді шәкірттері де жүлделі оралды. Осының бәрі ұстаз еңбегінің жемісі деп білемін, – дейді Күлән Қойлыбайқызы.

Ерекше атап өтерлігі, аталған ансамбль мүшелері әсем ән шырқаумен қатар, түрлі аспаптың құлағында ойнайды. Мәселен, домбыра, баян, саз сырнай, барабан, гитара, күйсандық, ямаха, жетіген және монғол халқының мориинхур, хучур, еочин, ятых сынды музыкалық аспаптарымен де өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленуде. Сондай-ақ, бұл шығармашылық топтың мүшелері ән айтып, музыка аспаптарын қолданып қана қоймай, асабалықпен де айналысуда. Яғни, қазақтың тойын жүргізіп, ел арасында үлкен құрметке бөленуде. Ал ансамбль жетекшісі Бақыт Бағдәулетұлы қасиетті қара домбырамен талай жас келіннің бетін ашып жүргенін де айрықша атап өткен жөн.

Ендігі кезекте «Атамекен» отбасылық ансамблінің құрамына тоқталар болсақ, осы өнер тобының жетекшісі, отағасы Бақыт аға 1964 жылы дүниеге келген. Небары 5 жасында қолына домбыра ұстайды. Оның музыка әлеміне деген әуестігі түрлі аспаптарды тез үйреніп алуына себеп болады. Сөйтіп, ол бастауыш сыныпта білім алып жүрген кезінде домбыра, гитара, баян, мандалин аспаптарын жақсы меңгеріп, Бетховеннің классикалық шығармаларын саз сырнаймен орындап жүрген екен. Ал 14-15 жасар бозбала шағында «Күйші бала» атанып, жасөспірімдер арасында өткен бірқатар үлкен шығармашылық байқауларда топ жарады.

Бүгінде талантты азаматтың «Ақсуым», «Жасай бер, елім тәуелсіз», «Астанам», «Туған жер» және басқа да 30-ға жуық авторлық әні мен өзі шығарған «Жас талап» күйі бар. Ол — осындай сазгер, әнші ғана емес, актер әрі ұлағатты ұстаз. Олай дейтініміз, «Жоғалған сақина» атты комедиялық фильмде жағымсыз кейіпкер Торсықбайдың рөлін сомдап, халыққа тағы бір қырынан көрінген екен. Ал қазіргі уақытта Ақсу қаласының Үштерек ауылындағы жалпы орта білім беру мектебінде музыка пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуде. Өнерде ғана емес, білім беру саласында да биіктен көрінуде. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын ұстаздар арасында өткен республикалық «Үздік педагог – 2023» байқауынан І орынды жеңіп алған.

Ансамблдің ұйымдастырушысы Күлән Қойлыбайқызы 1963 жылы туған. Ол да жастайынан өнер-білімге құштар болып өседі. Отбасының алтын діңгегі болып отырған аяулы жан шығармашылық жолында жүрген жолдасына әрдайым қолдау көрсетіп, керек кезде өзі де бірге ән шырқап, талай кештің сәнін келтіруде. Сонымен қатар, жоғары білімді білікті ұстаз атанып, шәкірт жүрегіне жол табуда.

«Болмасаң да ұқсап бақ», — деп Абай атамыз айтқандай, осындай шаттыққа толы шаңырақта өсіп-өнген ұл-қыз да ата-анасының ізін басып, өнер жолын таңдаған екен. Солардың бірі, ансамблдің жеке дауысты әншісі, қобызшы, домбырашы, музыка маманы Меңдігүл Бақытқызы да мәдени шараларда белсенді өнер көрсетуде. Сонымен қатар, ол бүгінде Алматы қаласында жеке кәсібін ашып, өнер мен бизнесті қатар алып жүруде. Ал Бақыт ағаның ұлдары, қос қанаты – Нұрболат пен Айболат та құр жаяу емес, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етуде. Олардың болашағынан үлкен үміт күтеміз, дейді жерлестері.

Осылайша, шаңырақ көтеріп, отасқан-дарына биыл 42 жылтолып отырған Бақыт аға мен Күлән апай екеуі 5 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 20 шақты немере-жиен көріп, қуанышқа кенелуде.

Ең бастысы, өнерлі әулеттің әлпештеп өсірген ұл-қыздары қатарынан қалмай, ата-анасының ізін басып, үкілі үмітін ақтауда.

– «Әкенің кәсібі — балаға нәсіп», — деген қанатты сөз бекер айтылмаған екен. Бүгінде әкесінің ізін жалғап жүрген Нұрболат пен Меңдігүлдің балалары да өнерлі болып өсіп келе жатыр. Немереміз Нұрмұхаммед ән айтып жүрсе, Арузамыз барабанда тамаша ойнайды. Балаларым өнерге қызығушылығы бар ауыл жастарына да білгендерін үйретуде. Үйде студия ашып, сонда өнерге құштар жастарды шақырып, көмектеседі. Күндіз мектепте оқушылардың талантын шыңдауда. Үштерек ауылында мәдениет үйі жоқ болса да, мұндай жұмыстарды мектепте жүргізеді. Осы орайда бізге әрдайым қолдау көрсетіп отыратын мектеп директоры Ғалия Амирхановаға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Күлән Қойлыбайқызы.

Атап өтерлігі, бүгінде бұл өнерлі отбасы мерекелік кештерге қатысып, талантты шәкірттерді шыңдап қана қоймай, қайырымдылық шараларына да белсенділік танытуда. Яғни, отбасылық халықтық ансамбль концерттік бағдар-лама ұйымдастырып, одан түскен қаражатты көмекке мұқтаж жандар мен көпбалалы шаңырақтарға үлестіруді әдетке айналдырған.

Міне, осындай мерейлі де өнерлі отбасын өзгелерге үлгі ете отырып, әлі де асар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын, дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.