Түлектерімен танымал университет

Қаз 23, 2025

Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Осы ұлы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан оқу орындарының бірі – Торайғыров университеті. 65 жыл ішінде бұл университет сан мың түлектің жолын ашып, Павлодар өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің өркендеуіне қызмет етіп келеді.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Торайғыров университетінің 65 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысып, оқу ордасының аймақтың әлеуметтік-экономикалық және зияткерлік дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Торайғыров университеті – өңіріміздің жетекші жоғары оқу орны және еліміздегі ең беделді ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Мұнда мыңдаған білікті маман қалыптасты. Бүгінде университет өңірдегі жоғары білімнің флагманы, кадрлар даярлау мен академиялық дәстүрлер сабақтастығының жарқын үлгісі болып саналады, – деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.

Мерейтой  аясында  университеттің  жетістіктері мен ғылыми жобалары таныстырылды. Торайғыров университеті бүгінде
198 білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярлайды. Мұнда 9 мыңға жуық студент, оның ішінде 15 елден келген 400-ден астам шетелдік студент білім алуда. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта университетте 85 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Университеттің ғылыми жобалар жөніндегі кеңесшісі Әділет Күлбековтің айтуынша, соңғы үш жылда бұл бағытқа 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөліну жоспарланған.

– Биылдың өзінде 1,5 миллиард теңге көлеміндегі ғылыми жобалар іске асуда. Зерттеу жұмыстарына жас ғалымдар мен тәжірибелі профессорлар жұмылдырылған.  Олар өңіріміз үшін маңызды 10 бағытта жұмыс істейді. Мәселен, металлургия, электр және жылу энергетикасы, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бар. Сонымен қатар, дрон арқылы өсімдіктердің ауруларын анықтайтын заманауи технологиялар да зерттеліп жатыр, – деді Әділет Күлбеков.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім мен ғылым – ел дамуының стратегиялық негізі. Осы бағытта Торайғыров университеті өңірдің ғылыми әлеуетін арттырып, инновациялық даму жолына серпін беріп келеді. Мерейтой құрметіне орай бірқатар оқытушылар мен қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, университетке компьютерлік техника сатып алуға сертификат табысталды.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК,

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.