Жанармай бағасы мен тарифтер өспейді

Қаз 23, 2025

Алдағы уақытта еліміздегі барлық жанар-жағармай бекетінде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы өспеуі тиіс. Сонымен қатар, келесі жылдың сәуір айына дейін коммуналдық қызметтер ақысын көтеруге жол берілмейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да тұрақты болуы керек. Ел билігі нарықтық жағдайды ескере отырып әрі азаматтардың қаржылық мәселесін саралай келе, осындай бірнеше маңызды шешім қабылдады.

Таяуда Мемлекет бас-шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Соның аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен арнайы кеңес өткізіп, нәтижесінде бірқатар бағыт белгіленді.

Біріншіден, биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілді. Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізуді, ішкі нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Екіншіден, биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылды. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.

Сол сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі.

Үшіншіден, жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын артық шектеулер алынып тасталмақ. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамадағыдай, тек 44 қызмет түрі сақталады. Одан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіліп, салықтық тексерулер, камералдық бақылау алынып тасталады.

Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсім-пұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Төртіншіден, базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес, халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемі 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар, сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынатын тұрғын үй құрылысы бойынша офтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл ретте құрылыс салушылар үш жылға бағаны бекіту бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.

Бесіншіден, отандық авто-өндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңей-туге бағытталған.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет жүргізіп отырған реформалар еліміздің ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге, экономикада базалық нарықтық қағидаттарды терең орнықтыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте Үкімет Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігі туралы нұсқауларын, экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші ретінде қарастыра отырып, қатаң ұстанады.

Өз тілшіміз.