Қысқы жұмысқа әзір

Қаз 23, 2025

Екібастұз қаласындағы коммуналдық қызмет өкілдері қысқы уақытта шаһарды қардан тазалауға сақадай сай екенін көрсетті. Қаланың тазалығына барлығы үш ұйым жауапты болмақ.

Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин алдағы қысқы кезеңге техниканың дайындығын тексерді. Айтуынша, қала аумағын қардан тазалау жұмыстарына барлығы үш ұйым жұмылдырылып, қажетті материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда әртүрлі модификациядағы 120-дан астам мамандырылған техника бар. Оған қоса, 75 тоннадан астам инертті материал қоры жасақталған.

— Жыл сайын бір-екі күн ішінде бір айлық жауын-шашын мөлшері түсетін жағдайлар болады. Осыған байланысты коммуналдық қызмет басшыларына қосымша техника тарту бойынша алдын ала ниеттестік шарттарын жасап қоюды тапсырдым. Жалпы алғанда, жұмыс жоспары әзірленген. Мердігер ұйымдардың алдына жыл сайын бірдей міндет қойылады – көшелерді уақытылы әрі үзіліссіз қардан тазалау, автокөліктер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету, — деді А.Бейсекин.

Атап өтерлігі, коммуналдық қызмет-тердің жол-көлік желісін күтіп-ұстауына бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп келеді. Бұл ретте бірінші кезекте техника паркін жаңарту міндеті қойылған.

Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдарды тазалауға шамамен 20 техника жұмылдырылмақ. Ауылдық аумақтарды тазалау бойынша мердігер ұйымдармен тиісті шарттар жасалды.

Өз тілшіміз.

Екібастұз қаласы.