Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызметкерлер күні 2011 жылы белгіленді және қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Салада еңбек етушілер — өзінің адал еңбегімен қарттарға қызмет етіп, мүмкіндіктері шектеулі, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баға жетпес көмек беріп жүрген, жылулық пен қамқорлық сыйлайтын ең ізгі мамандықтардың бірі. Аталмыш мамандық иелері өмірдің түрлі сынағына тап болған адамдарға демеу болып, олардың қоғаммен байланысын сақтауға көмектеседі. Олардың еңбегі көзге көрінбегенімен, әр істеген ісінің артында алғысқа толы жүздер мен риясыз тілектер жатады.
Павлодар қаласындағы «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» мамандары да күн сайын осындай жауапты әрі маңызды қызмет атқарып келеді. Олар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін жандарға тұрмыстық әрі моральдық көмек көрсетеді. Әр үйге барып, әр адамның жағдайын бақылап, қажет болса, медициналық ұйымдарға жеткізуге дейін атсалысады.
Орталықтың белсенді қызметкерлерінің бірі — Гүлдана Уахит. Ол бұл салаға шамамен сегіз жыл бұрын келген. Бұған дейін он үш жыл бойы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен Гүлдана Жаңбырбайқызы адам-дармен жұмыс істеуді, олардың өміріне ықпал етуді әрқашан өзіне жақын санаған.
2022 жылдан бастап ол қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған үйде әлеуметтік көмек көрсету №5 бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Оның қарамағында 12 әлеуметтік қызметкер бар. Әр қызметкердің өз қамқорлығындағы 8 әлеуметтік қызмет алушысы бар, яғни бөлімше бойынша барлығы 96 адамға тұрақты көмек көрсетіледі.
— Біздің міндетіміз — әрбір қызмет алушының жағдайын бақылап, олардың өмірін барынша жеңілдету. Әр адамның тағдыры біз үшін маңызды, — дейді Гүлдана Жаңбырбайқызы.
Сондай-ақ, ол — орталықтағы кәсіподақ ұйымының төрайымы. Бұл қызметінде де ұжымның мүддесін қорғап, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөледі.
Бөлімше өз аймағындағы тұрғындарға күнделікті қызмет атқарып, олардың үй шаруасын жүргізуге, дәрі-дәрмегін жеткізуге, медициналық және тағы басқа көмек ұйымдастыруға жауапты.
Гүлдана Жаңбырбайқызы өз жұмысының ең қуанышты сәті ретінде адамдардың шын жүректен айтқан алғысын атайды.
— Адамның жүзіне қуаныш ұялатып, алғыс сөзін есту — ең үлкен марапат, — деді маман. Ал ең ауыр сәт — мұқтаж жандардың тағдырын естіп, олардың өмірлік қиындықтарына куә болу. Мұндай кездері ой-санаға сабыр мен төзім қажет екенін жасырмайды.
— Бір күні мен бір ананың мүмкіндігі шектеулі баласына мүгедектік рәсімдеуге көмектестім. Бұл оңай процесс болған жоқ.Көп уақыт пен күшті талап етті. Барлық құжаттар дайын болған соң, анасы маған шын жүректен алғыс айтты.
Оның алғыс сөзі менің жанымды ерекше толқытты, жүрегімнің түкпіріне дейін жетті. Сол сәт маған күш бергендей болды. Сол күннен бастап мен адамдарға бұрынғыдан да зор ықыласпен, жылулықпен көмектесуге тырысамын, —
деп атап өтті әлеуметтік қызмет бөлімінің меңгерушісі.
Әлеуметтік қызметкердің есінде ерекше сақталған жандардың бірі — Ұлы Отан соғысының арда-гері Николай Поддубный. Ол 100 жасқа толған сәтінде орталық ұжымы ардагерді арнайы барып құттықтаған. Қария сол күні соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, елімізге бейбітшілік пен береке тілеген. Бұл кездесу Гүлдана ханымның жүрегінде мәңгілік із қалдырған.
Күнделікті жұмыста кездесетін қиындықтар да аз емес. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдарды ауруханаға апару, баспалдақтармен көтеріп-түсіру де оңай іс емес. Дегенмен ол бұл жұмысты зор жауапкершілікпен атқарып, әрдайым дайын болуға тырысады.
Гүлдана Жаңбырбайқызының айтуынша, әлеуметтік қызметкер болу үшін алдымен мейірімділік, сабырлық пен түсіністік қажет. Бұл салада көбіне орта жастағы адамдар еңбек етеді, ал жастар аз. Себебі жұмыс ауыр, ал еңбекақысы көп жағдайда төмен. Дегенмен адамдардың шынайы ризашылығы мен батасы осы мамандық өкілдерін ерекше жігерлендіріп, ынталандырады.
Әлеуметтік қызмет бөлім меңгерушісінің ұраны — үлкенді сыйлау кісілік белгісі. Қарияларға құрмет көрсету — бұл тек парыз емес, ол — адамгершіліктің, мейірімнің айғағы. Әрбір көмек, әрбір жылы сөз — үлкен жүректің ісі. Сондықтан барша жастарды мейірімді, жанашыр болуға шақырады.
Әлеуметтік қызметкер — тек мамандық емес, жүрек қалауы. Гүлдана Уахит секілді өз ісіне адал адамдардың арқасында қоғамда мейірім мен қамқорлықтың жылуы сөнбей келеді. Олар — үнсіз батырлар, адамдардың өмірін жеңілдетіп, сенім мен үміт сыйлайтын нағыз жанашыр жандар.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.