Мінсіз дәнекерлеуді меңгеруде

Қаз 23, 2025

Железиндік жігіт Роман Синнер Павлодар қаласындағы техникалық сервис колледжін дәнекерлеу ісі бойынша тәмамдаған. Биыл «Жастар практикасы» бағдарламасымен аудандағы шаруашылықтардың біріне жұмысқа орналасты.

Қазіргі таңда ол «Агро Рост» шаруа қожалығында дәнекерлеуші болып жұмыс істеуде.

– Шаруашылықта дәнекерлеу ісінің қыр-сырын меңгеріп жатырмын. «Жастар практикасы» бағдарламасы маған алған білімімді шыңдауға мүмкіндік беріп отыр. Шаруашылықта тәлім-герім тәжірибесімен бөлісіп, мінсіз дәнекерлеуді үйретуде. Қазіргі таңда егін жинау науқанына техникаларды жөндеу жұмыстарын атқарудамыз, — дейді Роман Александрович.

Шаруашылықтың басшысы Игорь Агеенко да жас маманның болашағына үміт артып отыр. Айтуынша, аз уақыттың ішінде Романның өзін жақсы жағынан көрсетіп, тәлімгерінің берген білімін бірден іліп алып кетуде. Жас дәнекерлеуші еңбекқорлығымен, кәсіби тұрғыда өсуге, үйренуге деген ынтасымен көзге түскен.

«Жастар практикасы» бағдарла-масының мүмкіндігін пайдалануды жөн көрген жастардың бірі — Тамерлан Ахметов. Ол Павлодар қаласындағы техни-
калық колледждердің бірінде техник-механик мамандығы бойынша білім алған. Биыл Железин ауданындағы «Нұрғалиев» шаруа қожалығына жұмысқа тұрыпты. Еңбек етіп жатқанына 9 айдан асқан. Осы аралықта ауыл шаруа-
шылығы техникаларына қызмет көрсетуді мықтап үйренген. Айлығы да көңіліне қонымды көрінеді. Техникаларды көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім науқан-дарына дайындауға атсалысады. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жас мамандар бір жылға жұмысқа орналасады. Яғни, айлықтың бір бөлігін мемлекет өтеп тұрады. Бір жылдан соң ол мекемеде бос орын болса, тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашық. Темірлан Әсетұлы еңбек ететін шаруашылықта бос орын бар. Жұмысы да өзіне ұнайды. Десе де, жас жігіт білімін жоғарылатып оқуды да ойға алыпты. Алдағы уақытта бір шешімге келетінін айтады. Осылайша, «Жұмысшы мамандықтар жылында» осы салаға бет бұрған жастар екі қолға бір күрек тауып, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлес қосуда.

Железин аудандық «Мансап» орта-лығының бөлім басшысы Фарида Көпенованың айтуынша, «Жастар прак-тикасы» бағдарламасына сұраныс көп. Биыл 64 жас дәл осы бағдарлама арқылы еңбекпен қамтылған. Олардың басым бөлігі – мұғалімдер, бағдар-ламашы, трактор жүргізушісі, дәнекерлеуші, техник-механик, медицина қызметкерлері. Араларында алыс ауыл-дарға аттанғандары да бар көрінеді. Сонымен қатар, бағдарлама арқылы
бір жылға жолданғанымен, кейбірі әрі қарай тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жастарды жұмыспен қамтудың өзге де қолдау шаралары барын айта кетейік. Соның бірі – «Алғашқы жұмыс орны». Мамандардың айтуынша, 2025 жылы жоспар бойынша 11 жасты жұмыспен қамту көзделген. Алайда, бүгінгі күнге дейін 17 жас азамат өздерінің алғашқы жұмыс орнын тапқан. Бұл бағдарламада атауына сай міндетті түрде жастардың бұған дейін ешбір жерде жұмыс істемегені талап етіледі. Яғни, бірде-бір зейнетақылық аударым болмауы шарт.  Сонымен қатар, жастардың жасы 35-тен аспауы да назарға алынады. Бірінші жұмыс орнындағы еңбек ету ұзақтығы 18 айдан аспайды. Ал  бұл мерзім аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі. Аталған бағдарламалар бойынша жолдама алу үшін жастар тұрғылықты мекенжайы бойынша «Мансап» орталығына жүгінеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Железин ауданы.