Қара күзде қар жауып, бейқам жатқан ел біраз әбігерге түскені рас. Сондықтан қыстың қамын жаз ойлап, уақытында қамданбаса, ауа райы ешкімді күтпейтіні анық. Әсіресе, жылдың алты айында от жағып, жылу қолданатын солтүстік өңірлерде мешіт секілді діни ғимараттарды жылыту оңайға түспейді. Оның үстіне, діни орындарға мемлекет тарапынан отын да қарастырылмаған, қаражат та бөлінбейді.
Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылында 2021 жылы жаңа мешіт ашылып, ауыл жамағаты үлкен қуанышқа кенелген еді. Оған ауылдың белсенді азаматтары бас болып, ауыл тұрғындарын жұмылдыра отырып, іс аяғына дейін жеткен болатын. Бірақ ғимараттың коммуналдық шығындарын жабу, қысқы отынмен қамту өзекті мәселеге айналған. Яғни, ауыл тұрғындары көмек сұрап, қанша кәсіпорынның есігін жағаласа да, қанша кәсіпкерге құлаққағыс қылса да, жанашыр жан табылмаған. Сондықтан бұл мәселені де жергілікті тұрғындардың көмегімен шешіп отырмыз дейді мешіт жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі Мейрам Имашев.
– Мәселенің барлығы мешіт бой көтергеннен кейін басталды. Оның ай сайынғы электр энергиясы мен суының шығынын жабу, қыстан алып шығу деген секілді шаруалар құрылыс салудан да күрделі екен. Мешіт ашылған күннің ертеңінде біздің ауыл аумағында орналасқан біраз шаруашылықтың есігін қағып, тұрақты түрде демеушілік жасау жөнінде ұсыныс айттық. Бірақ ешбірінен қайыр болмады. Сондықтан, ауыл тұрғындары арасында қаржыландыру қорын құрдық. Оған тұрғындар өздерінің қалауы бойынша ай сайын 2000 теңгеден салып отырады. Міне, мешіттің бар шығынын осы қорға жиналған қаражатпен жауып, мәселесін шешіп отырмыз. Бұл қордан мешіттің имамы мен ұстазына айлық береміз, коммуналдық төлемін төлейміз және қысқы отынын сатып аламыз, — деді ауыл тұрғыны.
Ал биыл мешіттің ақылдастар алқасы ауылдың үлкендерімен кеңесе келе, мешітке электр пеш орнатуға шешім қабылдаған. Бұл көмір арқылы жылыту жүйесінен әлдеқайда арзанға түседі, деп отыр.
– Ауылдан шығып, түрлі салада кәсіппен айналысатын азаматтар көп қой. Жақында солардың бірі келіп, қандай көмек керек деп сұрады. Соған мешітке электр энергиясы арқылы жылытатын пеш керек дегенді айттық. Жерлестеріміз де бірден құп алып, жалпы құны 1,5 млн теңге тұратын құрылғыны орнатып берді. Енді осыдан былай көмір алу, от жағатын адамды іздеу, оған ақысын беру сынды мәселелерге бас қатырмайтын болдық. Тек электр энергиясын тұтыну ақысын төлеп отырамыз, –
дейді ауыл тұрғыны Мейрам Имашев.
Мешіттерді қыста жылыту мәселесі Железин ауданында да өзекті болып тұрған көрінеді. Аудандық мешіттің бас имамы Мұрат Майтақұлының хабарла-
уынша, ауданда орталық мешіттен бөлек үш ауылда ғибадат үйі бар. Олар Озерное, Бесқара және Жаңажұлдыз ауылдарында орналасқан. Соның екеуі – Озерное мен Бесқара ауылдарындағы ғибадат үйлері имам болмағандықтан, уақытша жұмыс істемей тұр.
– Аталған ауылдарда тұрғындар саны да аз болғандықтан, бір мешітті ұстауға және діни қызметкерін айлықпен қамтуға шамалары келмей жатыр. Ал мешітті салған жеке кәсіпкерлер оның күнделікті мәселесіне араласқысы келмейді. Біз мешіттің қазіргі жағдайын бірнеше мәрте айттық, бірақ әлі жауап болмай жатыр. Егер бұлай жалғаса берсе, мешіт мәртебесінен айырып, тек намазхана ретінде пайдаға беруіміз мүмкін. Ондай жағдайда тұрақты имам отырғызу міндетті емес, — дейді Мұрат имам.
Сондықтан мешіт жанашырлары діни ғибадат үйлерін жергілікті әлеуметтік нысандар санатына қосып, орталық қазандықтар арқылы тым болмағанда қысқы уақытта жылумен қамтамасыз етуі керек деп санайды. Себебі, Аллаға құлшылық қылатын ғибадат үйлерінің жамағатсыз қаңырап бос тұруы, қақаған қыста қатып жатуы —
мұсылмандығымызға сын, дейді.
– Ислам діні – біздің ата дініміз, қазіргі күні қазақ жеріндегі негізгі әрі құраушы дін. Сондықтан имам-дарымыздың әркімнің алдында алақан жайып жүргені жараспайды. Олар мешітте жамағатқа уағыз айтып, асыл дінімізді насихаттаумен айналысуы керек. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударып, заңға өзгерістер енгізуі керек деп ойлаймын. Тым болмағанда ауыл мешіттерін жергілікті әкімдіктердің қарамағына берсе, зор қолдау болар еді, – дейді дін жанашыры Мейрам Имашев.
Тілеуберді САХАБА.