Дарындылар марапатталды

Қаз 30, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодарда «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Kasip Zhuldyzy-2025» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен ауқымды шарада аймағымыздың дарынды жастары бас қосты.

 

Жиын ашық диалог форматында өткізілді. Кездесуге облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жүлдегерлерге жылы лебізін білдірді.

— Байқау жеңімпаздары жетістікке өз күштерімен жетіп, өзгелерге үлгі болып отыр. Қазіргі жастардың көзі ашық, оқуға құмар. Десе де, адамгершілік қасиетін сақтауды сұраймын. Технология дамыған заманда өмір сүру қағидалары да өзгерді. Бірақ адами құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізу — міндетіміз. Дарынды әрі еңбекқор жастар — облысымыздың үміті. Сіздердің идеяларыңыз, энергияларыңыз және табандылықтарыңыз — ел болашағының мықты іргетасы. Біз бастамаларыңызды әрдайым қолдаймыз, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Кездесуде жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарымен бөлісті. Облыс әкімі қатысушыларды тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, байқау жеңімпаздарын марапаттады. Бұл ретте «Kasip Zhuldyzy-2025» байқауының
5 жеңімпазы диплом мен заманауи теледидарға ие болды. Атап айтсақ, «Өнеркәсіп» номинациясы бойынша «Горводоканал» ЖШС инженер-зертханашысы  Александра Полякова, «Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу» номинациясы бойынша Ақсу қаласындағы «Агата» шаруа қожалығының агрономы Мәди Сәрсембаев, «Медицина» номинациясы бойынша Тереңкөл ауылының фельдшері Арыстан Сапарғалиев, «Білім беру» номинациясы бойынша Ертіс ауданының Қызылжар орта мектебінің тәрбие-шісі Гүлмира Айтмағамбетова, «Көлік және логистика» номинациясы бойынша «Трамвай басқармасы» АҚ трамвай жүргізушісі Ольга Качегина жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысқан 20 жас «Кәсіби жетістіктер», «Ғылым», «Білім», «Мәдениет», «Бизнес», «Журналистика», «Инновациялар мен технологиялар» және «Спорт» номинациялары бойынша жеңіске жетті. Олардың қатарында облыстық «Saryarqa samaly» газетінің шолушысы Айдана Қуанышева, әлеуметтік желіде оқушыларымен түрлі видео түсіріп, танылған жас ұстаз Игорь Гноевой және дарынды балаларға арналған музыкалық колледждің SMM маманы, блогер Илья Аверин, оқ ату спорты бойынша спорт шеберлігіне үміткер, Азия чемпионатының жүлдегері Кирилл Федькин, есірткі қылмыстарымен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Әлжанов және облыстық нашақорлықтың алдын алу кеңесінің Ақсу мен Екібастұз қалалары бойынша кураторы Артём Граблев және тағы басқа дарынды жастар бар. Байқау жеңімпаздарына 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Кездесуде «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Маждай Ахметов пен Павлодар машина жасау зауытының директоры Евгений Ивченко жастар алдында сөз сөйлеп, өмірлік ұстанымы әрі тәжірибесімен бөлісті. Жоғарыда атап өткен шығармашыл мұғалім әрі тиктокер Игорь Гноевой миллиондаған қаралым жинаған видеоларын таныстырды. Ал балалар анестезиологы Мерхат Амренов жұмысы арқылы сәбилердің өміріне араша түсіп жүргенін айтты. Қызметінің басым бөлігін жан сақтау бөлімінде өткізетін дәрігердің әңгімесі жастарға жігер сыйлады. Сонымен қатар, кездесуде Ақсу қаласының жастары шағын КВН ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жеңімпаздардың құрметіне күй шертіліп, ән де шырқалды. Шара соңында жастар аймақ басшысы Асайын Қуандықұлымен естелік суретке түсті.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.