Елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Содан бері денсаулық сақтау саласындағы осынау реформаға қатысты тұрғындар пікірі толастар емес. Яғни, кейбіреулер қос қолдап қолдаса, енді біреулер қарсылық білдіруде. Ел арасында жиі сөз болып жүрген МӘМС мәселесін жақында халық қалаулылары қайта қарап, жеке медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы бастама көтерді. Депутаттардың айтуынша, бұл дегеніміз – сақтандыру қорына ақша салатын әр азаматтың атына шартты есепшот ашып, оған жиналған қаржының бір бөлігін аудару. Сол арқылы қазақстандықтарды өз денсаулығына инвестиция салуға ынталандырып, аталған қаражатты тіс емдеу, басқа да медициналық қызметтерге пайдалануына мүмкіндік беру.
Сонымен, бұл ұсыныс орынды ма? Яғни, міндетті сақтандыру жүйесінің қатысушыларына жеке есепшот ашқан дұрыс па? Көпшілікті толғандырған мәселені «Алаң» айдарында да талқылағанды жөн көрдік.
Арман МҰСАБЕКОВ, «Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы» КМК-ның директоры, облыстық мәслихат депутаты:
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі негізгі мақсат – сырқаттанып қалған жандарға дені сау азаматтардың қолдау көрсетіп, олардың сауығып кетуіне жәрдем беруі. Яғни, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың МӘМС-ке жинаған қаражаты ортақ қорға түседі де, сол жақтан медициналық қызметті қажет ететін науқас жандарға жұмсалады. Өйткені, біздің елімізде кардиологиялық, хирургиялық оталардың бағасы өте қымбат тұрады. Тіпті, кейбір отаны жасау үшін 2-3 миллион теңге керек. Ал мұндай қомақты соманы төлеуге кез келген адамның шамасы келмейді. Бюджет те көтермейді. Сол үшін тиісті қаражат сақтандыру қорынан алынады. Осы жағдайды ел тұрғындары дұрыс түсінгені жөн. Олай дейтінім, бүгін сап-сау жүрген адам ертең ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан ортақ қордағы қаражатты бөліп-жарып, жеке есепшот ашқан дұрыс емес деген пікірдемін. Есептек қарасақ, сақтандыру қорына бір адамнан жылына шамамен 100-120 мың теңге түседі екен. Бұл соншалықты көп қаражат емес деп ойлаймын.
Айтпағым, мемлекеттің басты байлығы – адам. Әрбір отандасымыздың денсаулығы қай-қайсымыз үшін де маңызды болуы тиіс.
Мақсұт ЗАКИРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны, жұмысшы:
– Өз басым міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна төлейтін жұмысшыларға жеке есепшот ашу қажет деп ойлаймын. Себебі, біз таңнан кешке дейін жұмыс істеп, сол еңбегіміздің белгілі бір пайызын МӘМС-ке аударамыз. Өкінішке қарай, бұл жүйеде барлық медициналық қызмет қолжетімді емес екені шындық. Мәселен, тісіміз ауырса, ақылы емдетеміз. Ал заманауи диагностикалық аппараттарға түсу немесе салалық мамандарға көріну үшін учаскелік дәрігерден жолдама алып, тіркеліп, жазылып, біраз уақыт өткеннен кейін ғана бара аламыз. Өйткені, кезек көп. Осы аралықта ауруымыз асқынады немесе сауығып кетеміз. Бұған қарап-ақ, медициналық қызмет көрсету сапасының қандай екенін аңғаруға болады. Сол үшін кейбіреулер бірден жекеменшік емдеу мекемелеріне барып, ақылы түрде дәрігерге қаралып, ем-дом алып жатады.
Міне, мұндай мәселе туындамас үшін қор салымшыларына жеке есепшот ашатын болса, олар медициналық ақылы қызметтерге соны пайдаланатын болады. Демек, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді.
Гүлбара ИСАБАЕВА, денсаулық сақтау саласының ардагері:
– Менің ойымша, ең алдымен МӘМС жүйесінің мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіру қажет сияқты. Өйткені, кейбіреулер ай сайын медициналық қызмет алмасақ, дәрігерге бармасақ, не үшін сақтандыру қорына қаржы саламыз деген ойда болуы мүмкін. Шын мәнінде қазақстандықтарға көптеген медициналық көмектер тегін көрсетіледі. Мысалы, әр учаскелік дәрігер өзі жауаптанған аумақтағы адамдарды скринингтен өтуге шақырады. Сол арқылы олар қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтау, қант мөлшерін тексеру, әйелдер үшін маммография аппаратына түсу және басқа да түрлі медициналық қызметтерді алады. Бірақ соны елемейтін азаматтар да бар. Яғни, емдеу мекемесіне шақырған уақытта бармай, кейін дерті дендеп кеткен соң келіп тұратын жандар аз емес. Осындай кезде науқастарға өте көп қаражат қажет болады. Бірінің өкпе-жүрегін ауыстыру керек болса, енді бірін Астана, Алматы қалаларындағы үлкен орталықтарға жіберіп жатады. Сондай-ақ, бүгінде аурушаң бала көбейді. Олардың еміне де ортақ қордан ақша қарастырылады. Онсыз болмайды. Сондықтан қосымша жеке шот ашу артық деп ойлаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
