Партия қатарына қабылданды

Қаз 30, 2025

Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясының облыстық филиалында партия қатарына жаңа мүшелер салтанатты түрде қабылданды.

Алдымен партияның облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайұлы іскерлігімен көзге түскен, партияның бағдарламаларын ілгерілетуге үлес қосқан аманаттық азаматтарды «Белсенді қызметі үшін» партияның жоғары наградаларын, «Құрмет» грамотасын, «Алғыс хатын» табыстады.

Ал партия қатарына бұл күні түрлі салада қызмет ететін 100-ден астам азамат енді. Бір айта кетерлігі, бұл азаматтардың тең жартысы «Богатырь көмір» АҚ кәсіпорнында қызмет етеді. Кеніште табысты еңбек етіп жүрген 50 қызметкер партия қатарына кіруге ниет білдірген.

Асылбек Туғанбайұлы шараға қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, партия қатарына қабылданған азаматтардың алдағы уақытта ел дамуына үлес қосуда аянбайтындарына сенім білдірді.

– «AMANAT» партиясы — бұл үлкен саяси күш. Жалпы, партия билік пен қоғам арасын біріктіруші күш екенін білесіздер. Сондықтан бүгін қатарымызға қосылған жастар алдағы уақытта ел үшін үлкен істерге ұйытқы болатынына сенемін, – деді Асылбек Туғанбайұлы.

«Аманаттық» атанған азаматтар алдағы уақытта партияның жұмысына барынша араласуға, атсалысуға ниетті.

– «AMANAT» партиясының мақсаттары мен құндылықтары жаныма жақын. Мұнда белсенді азаматтар мен ел дамуына бейжай қарамайтын, қоғамның өркендеуіне атсалысуға ниетті азаматтар тобын көрдім. Мен үшін бұл партия — елімнің болашағына үлес қосуға мүмкіндік беретін орын. Сондықтан партия қатарына кіруді жөн көрдім, – дейді Торайғыров университетінің студенті Айсұлу Нұрлыбек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.