Бақыттың төресі – бала сүю

Қаз 30, 2025

Сәби үнін армандап жүрген отбасылардың тілегін экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісі арқылы орындауға жол ашқан «Аңсаған сәби» бағдарламасының енгізілгеніне — 5 жыл. 2021 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен ЭКҰ-ға бөлінетін квота саны 7 есе артып, нәресте сүюді жылдар бойы аңсап жүрген талай ерлі-зайыптының сөнген үміті қайта жанғандай болды. Әркімнің қалтасы көтере бермейтін жасанды ұрықтандыру әдісі мемлекет қазынасынан қаржыландырылып келеді. Павлодар облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы қанша отбасының арманын орындады? Бөлінген квота қанша жұпқа бақыттың төресі – бала сүюді нәсіп етті?

Павлодар облысы бойынша штаттан тыс репродуктолог Алма Катпинаның айтуынша, аймағымызда «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында бедеулік мәселесіне тап болған отбасыларды қолдау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Жыл сайын республика бойынша ЭКҰ-ға 7000 тегін квота бөлінеді. 2021–2025 жылдар аралығында Павлодар облысына 1372 квота бөлінген. Оның ішінде 2021 жылы – 290 квота, 2022 жылы – 281 квота, 2023 жылы – 269 квота, 2024 жылы – 266 квота, 2025 жылы – 266 квота берілді.

Әсіресе, ауылдық аймақ-тардағы отбасыларға ерекше назар аударылады, себебі заманауи емдеу тәсілдерін әрбір азаматқа қолжетімді етудің маңызы зор. Ерлі-зайыптылардың денсаулығын Репро-дуктивті денсаулық орталығындағы репродуктолог және андролог мамандары бақылайды. Бала сүйгісі келетін жұптар аталған орталықта толық медициналық тексеруден өтіп, дәрігер кеңесін алады. Сонымен қатар, ақпа-раттық-ағартушылық жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Орталық мамандары Instagram парақшаларында пайдалы мәлімет жариялап, бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде сұхбат береді. Бағдарлама мүмкіндіктері мен оның нәтижелері туралы кеңінен әңгімелейді.

— Аймағымызда «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде көптеген отбасы перзент сүйіп, көптен күткен армандарына қол жеткізді. Алғашқы үш жылдың ішінде 272 сәби дүниеге келді. Оның ішінде үш егіз бар. Ал 2024 жылы өңірде 266 квота бөлініп, оның ішінде 84 отбасы бала сүю бақытына ие болды. Биыл тағы да 266 квота беріліп, олардың барлығы толық игерілді. Қазір осы квота иелері ЭКҰ бағдарламасы аясында ем қабылдауда, – дейді Алма Салауатқызы.

Алма Катпина «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысудың өзіндік талаптары барын айтады. Бұл ретте ерлі-зайыптылар ҚР азаматтары әрі ресми некеде болулары тіис. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медици-налық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандары маңызды. Кем дегенде бір жыл көлемінде жүктілікке қол жеткізе алмаған отбасылар қатыса алады.

— Квота алуды мақсат етіп жүрген әйел тұрғылықты жері бойынша емханадағы әйелдерге кеңес беру бөліміне барып, бедеулік бойынша диспансерлік есепке алынады. Кейін емхана жолдамасымен немесе өз еркі-мен репродуктологқа жүгінеді. Репродуктивті денсаулық орта-лығында толық тексеруден өтеді, нақты диагноз қойылып, ем тағайындалғаннан кейін жүктілікке дайындық жұмыстары жасалады. Квотаны берудің өзіндік критерийлері бар. Мәселен, әйелдің овариалды қоры (аналық жасушалары) жақсы болуы тиіс. Бұл ретте АМГ деп аталатын сараптама тапсырады. Оның нәтижесі 1,0-ден жоғары болуы шарт. Ультрадыбыстық зерттеу кезінде бір немесе екі аналық безінде 5–6 фолликул болуы керек. Жүктілік пен ЭКҰ-ға қарсы көрсетілімдер болмауы қажет. Бағдарламаға 42 жасқа дейінгі әйелдер қатыса алады, – дейді репродуктолог.

Алма Салауатқызының сөзіне сүйенсек, квота алу кезегі ашық түрде жүргізіледі. Әр өтінім ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі бірыңғай жүйе арқылы бақыланады. Елімізде жасанды ұрықтандыру әдісіне 1 млн теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейні қаражат жұмсалады. Осыдан-ақ бағдарламаның мүмкіндігін айқын көруге болады.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы ата-ана болуды арман-даған әрбір жұпқа мүмкіндік берілгенмен, кей жағдайларда медицина тұрғысынан ЭКҰ жасау уақытша кейінге қалдырылады немесе мүлде жүргізілмейді. Мұндай шешім әйелдің өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпке байланысты. Мысалы, жүрек, бауыр, бүйрек ауруларының ауыр түрлері, сондай-ақ онкологиялық дерттер мен психикалық ауытқулар кезінде жүктілік әйелдің өміріне қатер төндіруі мүмкін. Осындай сәттерде мамандар ананың денсаулығын бірінші орынға қояды. Сонымен қатар, жамбас ағзаларының жедел қабыну аурулары мен инфекциялық дерттер толық жазылып, ағза қалпына келгенге дейін ЭКҰ жүргізілмейді.

— Павлодар облысында да, жалпы Қазақстанда шамамен әр бесінші жұп бала сүю жолында қиындыққа тап болады. Бедеулікке әйел ағзасындағы эндокриндік бұзылыстар, эндометриоз, жатыр түтіктерінің бітелуі және жасқа байланысты өзгерістер себеп. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде аналық жастың ұлғаюы, яғни ана болуды кейінге шегеру үрдісі жиілеп келеді. Бұл құбылыс аналық бездегі жұмыртқа жасушаларының саны мен сапасын төмендетеді, табиғи жолмен бала көтеру мүмкіндігін азайтады. Бірақ жүктіліктің болмауына ерлердің де денсаулығы әсер ететінін естен шығармау керек. Бұл фактор шамамен 50 пайызды құрайды. Мұндай кезде тек кешенді диагностика мен бірлескен ем ғана нәтиже береді, – дейді репродуктолог.

Алма Салауатқызы жас отбасыларға дәрігер ретінде кеңесін де ұсынды. Оның айтуынша, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау, физикалық белсенділікті арттыру, күйзеліске түспеу және дәрігерге уақытылы қаралудың өзі жүктілікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.