Кенеден қауіп көп

Сәу 23, 2026

Елімізде көктем мезгілі басталғалы 500-ге жуық адамды кене шаққан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кенеден жапа шеккен 478 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазақстанда 7 облыста кенеге тап болу қаупі жоғары.

Жұқпалы ауруларды тарататын паразиттер Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарының жекелеген аудандарында көп кездеседі.

Көктем мезгілінің сәуір-мамыр айларында қауіп тудыратын жәндік – кене.  Ресми дерек бойынша, өткен жылы Павлодар облысында 100-ден астам адамды кене шаққан.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департа-ментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, былтыр аймақ тұрғындарынан 108 өтініш түскен. Абырой болғанда, паразиттерден таралатын жұқпалы ауру жағдайы тіркелмеді. Сырттан әкелінген екі жағдай тіркелді. Бұл — вирустық кене энцефалиті және Лайма ауруы.  Бірінші жағдайда Германия азаматын кене өз елінде шаққан,  Қазақстанға келгеннен кейін оған вирустық кене энцефалиті диагнозы қойылды. Екінші жағдайда облыс тұрғыны Германияға барғанда паразиттен зардап шеккен. Тек елге оралғаннан кейін оған Лайма ауруы диагнозы қойылды.

— Павлодар облысындағы эпиде-миологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда. Кене шағу туралы өтініштер сәуір айында  тіркеледі. Қазіргі уақытта 20-ға жуық адамды кене шаққан. Оның ішінде 14 жасқа толмаған бір бала бар. Жұқпалы ауру жағдайлары тіркелмеді. Кененің шамамен 50 мың түрі бар. Барлық кене инфекция тасымалдамайды. Кене энцефалитінің вирустық инфекциясын және Лайма ауруы деп  аталатын жұқпалы ауруды тарататын иксод кенелері адамдарға қауіп төндіреді, — дейді Б.Әлиев.

Қазақстанда кене энцефалиті Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында көп кездеседі. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы табиғи орындардағы кенелер вирус жұқтырады. Ал Павлодар облысындағы кенелер мұндай қауіп тудырмайды. Дегенмен, табиғат аясында демалған тұрғындар барынша сақтық шарасын ескерген жөн. Демалып келгеннен кейін міндетті түрде киімін шешіп, денесін толық тексеріп шыққаны абзал.

Эпидемиологтар қауіпті жәндіктің ең көп тарайтын кезеңі – мамыр-маусым айлары екенін айтады. Күн ысығанда, топырақ ылғалды болғанда белсенділігі артады.

— Кененiң шағуын дер кезінде байқау қиын. Себебі кене өз денесiнен арнайы ферменттер бөлiп, шаққан орнын бiлдiрмеуге тырысады. Тұмсығын терi қабатына енгiзу арқылы қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерде тойған мезетте мыңдаған жұмыртқаны терi астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгiлерiн шақыра бастайды. Кене шаққан адамда дене қызуы, бас ауруы, құсу, лоқсу, әлсіздік, буын ауруы, бет, арқа және көздің қызаруы сынды белгілер мазалайды. Кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше емдеу мекемесіне қаралған жөн, — дейді Батырбек Әлиев.

Мамандар кенеден сақтану үшін табиғат аясынан демалып келгенде киімді қағып, құлақ, шаш және саусақтардың арасын тексеріп шығу керектігін айтады. Табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім кию қажет. Бұл арқылы киімге жабысқан кенені бірден көруге болады. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаған жөн.  Сақтық шаралары үшін кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалануға болады. Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес береді. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаған абзал. Бұл қарапайым сақтық шаралары сізді паразиттерден қорғайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.