Өнерлі шаһардың жаңа келбеті

Қаз 30, 2025

Биыл Павлодар қаласында облыс әкімі  Асайын Байхановтың  және қала әкімі  Хасар  Хабылбековтің  қолдауымен  «Өнерлі шаһар»  атты   креативті   жоба  жүзеге асуда. Бұл бастама — қаланың мәдени және шығармашылық ортасын дамытуға бағытталған ерекше жоба. Оның аясында көше музыканттары, суретшілер мен мобилографтар арасында байқаулар өткізіліп, қаланың келбетіне сән берген екі ауқымды мурал салынды.

Сондай муралдардың бірі  көрнекті ғалым, жерлесіміз Қаныш Сәтбаевқа арналған. Ғалымның суретінің жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрайды. Мурал қаланың орталығында, оның есімі берілген көшеде орналасқан. Муралдың негізгі идеясы – ұлтжандылық пен азаматтық  борыш сезімін бейнелеу. Мемлекеттік ту аясында бейнеленген Қаныш  Сәтбаевтың  суреті оның бүкіл өмірін елі мен халқына арнағанын және  ұлттық мүдде мен қоғамдық игілікті жеке бастың пайдасынан жоғары қойған тұлға екенін анық көрсетіп тұрғандай. Бейнедегі «Халқым менен де биік»  деген  сөз оның Отанына қызмет ету және Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек ету сияқты ғалымның өмірлік ұстанымын дәл бейнелейді. Муралдың идеясын шебер жүзеге асырған талантты стрит-райтерлер – Руслан Қасымов және Владимир Зубко.  Екеуі бірнеше күн бойы күн-түн демей жұмыс істеп, салқын әрі жаңбырлы ауа райына қарамастан, бейнені дәл әрі әсерлі етіп салуға тырысқан.

— Біз өз қаламызды жақсы көреміз, оның көркіне үлес қосу – үлкен мәртебе. Павлодарда мұндай көлемді жұмыс аз, сондықтан бұл мурал – біздің жүрегімізден шыққан туынды. Біз өзіміздің туған жеріміздің тарихы мен тұлға-ларын насихаттағымыз келеді, — дейді суретші Руслан Қасымов.

Суретшілердің айтуынша, жұмыс алдында үйдің қабырғасы арнайы дайындалып, тегістеліп, грунт жағылған. Содан кейін проектордың көмегімен түнгі уақытта белгілер салынған соң, бояу қабаты краскопульт пен аэрозоль баллондар арқылы салынған. Мұндай тәсіл суреттің көлемін, жарық пен көлеңке ауысымдарын дәл беруге мүмкіндік береді. Бастапқыда суретшілер муралды басқа үйдің қабырғасына салуды жоспарлаған, алайда қала әкімдігі Лермонтов көшесіндегі №44 үйдің бос қабырғасын ұсынған. Бұл идея ақыры сәтті шешімге ұласты – жаңа нысан қаланың көрікті нүктесіне айналып отыр. Жоба Павлодардың көркем келбетін түрлендіріп қана қоймай, тұрғындарға отаншылдық рух пен мәдени мақтаныш сезімін ұялатады. Бұған дейін де «Өнерлі шаһар» жобасы аясында қаланың жағалау бөлігін безендірген муралдар мен Виктор Цойдың портреті салынған болатын.

Қаныш Сәтбаев бейнесі салынған бұл мурал – Республика күніне орай  қала тұрғындарына  жасалған ерекше сый. Ол ұлт рухын көтеріп, ғылым мен өнердің тоғысқан тұсында туған жаңа символға айналды.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.