«Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламаларына биыл екінші рет Үкімет қаржы бөліп, көпшілікті қуантты. Өтініш қабылдау басталып кетті. Ендігі жерде жаңа салынған үйлерден пәтер алғысы келетін азаматтардың сұранысын қамтамасыз ету мәселесі туындап отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Мейрам Бағадатов мәлім етті. Айтуынша, «Баспана маркет» порталында аймағымыз бойынша жаңа үйлер бар. Мәселен, Павлодар қаласында Усолка шағын ауданында, Катаев-Шевченко көшелерінің қиылысында үйлер салынған. «Залиха» тұрғын үй кешені де пәтерлерін сатуға қойған. Пәтерлердің бағасы бағдарлама аясындағы шектік бағаға кіреді. Десе де, бірінші нарықтағы баспана тапшылығы байқалуда.
– Ірі құрылыс компаниялары Алматы мен Астана қалаларына шоғырланғанын білесіздер. Дегенмен, біздің өңіріміздің нарығына келуге де ынталы. «Наурыз» бағдарламасы басталғанда, оған дейін де жаңа үйлер тапшылығы болды. Сұраныс та өсті. Сондықтан, құрылыс компанияларымен келіссөздер жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Аймағымызға қызығушылық танытады деген үміттеміз, – дейді Мейрам Қайратұлы.
«Наурыз» бағдарламасына өтініштер 3 қарашадан басталып, 1 желтоқсанға дейін созылады. Ал «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасында өтінішті қабылдау тұрғысында мерзімдік шектеу жоқ. Бөлінген қаржы біткенге дейін өтініш қабылданады. Десе де, банк өкілі көктемдегі тәжірибе, сұраныстың жоғары екенін ескеріп, бір айда игеріліп кетуі әбден мүмкін деген болжам жасады. Әсіресе, аймағымыздың қос шағын қаласы – Ақсу мен Екібастұзда үйлер көптеп алынған көрінеді. Мұны мамандар моноқалаларда ірі кәсіпорындардың, сәйкесінше, жұмыскерлердің көптігімен байланыстырып отыр.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысушылар баспананы еліміздің кез келген қаласынан ала алады. Бастысы, қос бағдарламаға қатысушылардың және отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда баспана болмауы керек. «Отбасы банктегі» депозитте кемінде 2 млн теңге жатуы да – шарт. «Наурыз» бағдарламасында қатысушылар балл арқылы іріктеледі. Мәселен, әлеуметтік осал топқа жататындарға 10 балл, баласының бар болғаны, неке үшін тағы 10 балдан қосылады. Сонымен қатар, қатысушының жасы 35 жастан төмен болса, 5 балл қарастырылған. Депозиттегі сомасының әрбір 1000 тең-гесі үшін бір балдан қосылады.
«Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы биыл Жұмысшы мамандықтар жылында қолданысқа енгізілгенін білесіздер. Яғни, жұмысшы мамандықпен табыс тауып жүрген жандар қатыса алады. Жұмысшы мамандықтар тізімі порталда көрсетілген. Оған қоса, азаматтар банктің кеңес беру орталықтарына хабарласып, істеп жатқан қызметінің жұмысшы мамандықтар санатына жататынын яки жатпайтынын біле алады.
Әзірше, қанша қаржы бөлінгені белгісіз. Жалпы, биыл көктемде аймағымызда 4 млрд теңгеден астам қаражаттың 176 өтініші қанағаттандырылған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
