3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары қайта іске қосылды. «Отбасы банк» мәліметіне сәйкес, бұл жолғы қабылдауға көктемгі іріктеуден өтпеген азаматтар мен Жұмысшы мамандық иелері қатыса алады. Сонымен, баспана беруде кімдерге басымдық берілмек? Өтінім қабылдаудың негізгі шарттары қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламовпен әңгімелестік.
— Арман Тоқсанбайұлы, санаулы күндерден соң «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламарына қатысуға өтінім қабылданатынынан хабардармыз. Жалпы, бұл бағдарламаларға кімдердің қатысуға мүмкіндігі бар?
— «Наурыз» бағдарламасына көктемгі іріктеуден өтпеген азаматтар қатыса алса, «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасына өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация сынды Жұмысшы мамандық иелері қатыса алады.
— Басты талап қандай?
— Басты талап – соңғы бес жылда өтінім берушінің және оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй тіркелмеуі керек. Және депозитте кемінде 2 млн теңге қаржы болуы тиіс. Сондай-ақ, соңғы 6 айдағы ресми табысын да рас-тауға міндетті. Егер жаңа, әрленген үйді таңдасаңыз, бастапқы жарна мөлшері – кемінде 10 пайыз, екінші нарықтағы пәтер 20 пайыздан басталады.
Ал шарттарына келетін болсақ, алдымен «Отбасы банкіне» депозит ашу (егер әлі ашылмаған болса), депозитті 2 млн теңгеге дейін толықтыру (өтінім берер алдында толық соманы енгізуге болады), соңғы 5 жыл ішінде өзіңізде
және отбасы мүшелеріңізде тұрғын үйдің жоқтығын тексеруден өту және соңғы 6 айдағы ресми табысты растау.
Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін — 7 пайыз, басқа үміткерлер үшін 9 пайыз болады. Өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін, Астана мен Алматы сынды бас-пана құны қымбат қалаларда 36 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Оны төлем қабілетіңізге қарай 19 жылға дейін бөліп өтей аласыз. Құжаттар онлайн форматта, «Отбасы банкінің» ресми сайтындағы Baspana Market бөлімінде қабылданады. Өтінім беру уақыты — 3 қарашадан 1 желтоқсанға дейін.
— Ал өтінішті қалай берсе болады?
— Алдымен банк филиалына жүгіну керек. Кейін жұмыс орнынан анықтама ұсыну қажет. Оның үлгісі hcsbk.kz сайтында жарияланған.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
