Заңсыз тауарларға жол жоқ!

Қар 6, 2025

Павлодар қаласында азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін, заңсыз айналымдағы  электронды  шылымдар және темекі өнімдері жойылды. Бұл  іс-шара  «Заң және тәртіп»  атты ұлттық бастама аясында өтті.

Акцияны Қазақстан  Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – заңсыз өнімдердің таралуына тосқауыл болу және жастар арасында  салауатты өмір салтын насихаттау.

Іс-шара барысында 17329  электронды шылым, 20296 дана вейп сұйықтығы, 94 дана түтінсіз темекі (снюс) және 28 қорап акцизсіз темекі өнімі жойылды. Барлығының нарықтық құны шамамен 315 миллион теңгені құрайды.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті  басшысының орын-басары  Ғалиасқар  Қасымов  мұндай  жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқандығын айтты.

— Бүгінгі шара – заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған. 2024 жылдан бастап Қазақстанда вейптер мен никотин өнімдерін сатуға, таратуға және пайдалануға заңмен тыйым салынған. Сондықтан мұндай өнімдерін айналымнан алып тастау – басты міндетіміз, – деді ол.

Ғалиасқар Қасымовтың сөзінше, қазіргі таңда өңірде алты қылмыстық іс тергелуде, олардың бірі ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы тұлғаларға қатысты. Тергеу барысында жалдамалы пәтерлер мен қоймалар анықталып, заңсыз сақталған тауарлар тәркіленген.  Электронды шылымдардың барлығы экологиялық талаптарға сай өңдеуден өтеді. Бұл процесті арнайы лицензиясы бар «KazEcoProm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.

Қайта өңдеу және утилизациялау компаниясының директоры  Данияр  Тоқтаровтың  айтуынша,  электронды  темекілер бірнеше бөліктен тұрады: пластик, шыны, литий аккумулятор және батарея.

— Алдымен өнімдер қолмен бөлшектенеді, аккумуляторлар алынып тасталады. Қалған пластикалық және шыны бөліктер ұсақталып, кейін бөлек өңдеуге жіберіледі. Пластикалық қалдықтар гранула түрінде қайта өңделіп, одан жаңа тұрмыстық бұйымдар дайындалады. Шыны қалдықтары Алматыдағы шыны өңдеу зауытына жіберіледі, – деді  Данияр  Тоқтаров.

Компания бұл салада бес жылдан астам уақыт жұмыс істейді және Экологиялық кодекске сай барлық талаптарды сақтайды. 2022 жылдан бастап заң бойынша пластик, резеңке, шыны қалдықтарын  полигондарға көмуге тыйым салынған. Сондықтан  мұндай өнімдер тек қайта өңдеуге жіберіледі.

Ғалиасқар  Қасымов  тұрғындарды заңсыз өнім сатып алмауға және вейп, снюс сияқты зиянды заттардан бас тартуға шақырды.  Айтуынша, вейп тұтыну бүгінде тек ересектер  арасында емес,  мектеп  оқушыларының арасында да  кең тараған.

— Қазір бұл зиянды әдет 5–6-сынып оқушыларына дейін жетті. Біз зертханалық сараптамалар жүргіздік. Өнім құрамында адам ағзасына аса қауіпті химиялық элементтер бар. Бұл заттар обыр, бедеулік және басқа да ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Біздің басты мақсатымыз – жастарды қорғау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, – деді Ғ.Қасымов.

Сондай-ақ, департамент мамандары әлеуметтік желілердегі Telegram, Instagram және TikTok платформаларында заңсыз сауда арналарын анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізіп келеді. Жойылған өнімдер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы — «Электрондық темекілер мен никотин өнімдерін заңсыз өткізу, тарату немесе сақтау» бойынша қозғалған істер аясында тәркіленген. Барлық жою процесі санитарлық, экологиялық және құқықтық талаптарға толық сәйкес жүргізілді.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.