Жас сарбаздар жарады

Қар 6, 2025

Павлодарда қалалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ХХІ маусымы қорытын-дыланды. Жиын барысында жаз бойы белсенді еңбек еткен үздік сарбаздар, командирлер мен экобелсенділер марапатталып, олардың еңбегі ерекше аталып өтті. Биыл 20 жылдығын атап өтіп отырған бұл экологиялық қозғалыс жастардың еңбекқорлығын, отансүйгіштігін және табиғатқа деген қамқорлық сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

Салтанатты жабылу рәсімінде Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенбаева еңбек жасағын мерейтойларымен құттықтап, жастарға жылы лебізін білдірді.

– Біздің қоғамда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы берік орнығып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Таза Қазақстан» – ол тек таза аула емес, алдымен таза сана, таза ой. Павлодар жастары осы құндылықтарды іс жүзінде дәлелдеп отыр. Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын, – деді ол.

Жиында маусымның үздіктері – «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік эко-волонтер» және «Үздік еңбек жасағы» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен 30 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды. Мәселен, «Үздік сарбаз» атағына Ертіс ауданы Қарақұдық жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жансая Жұматай ие болды.

– Мен «Жасыл team» экологиялық жасағының сарбазы болдым. Қала көшеттеріне күтім жасап, гүлзарларды абаттандыруға атсалыстым. «Жасыл елде» жұмыс істегеніме еш өкінбеймін. Бұл жерде табиғатты аялауды, еңбекқор болуды үйрендік. Бастысы, достар таптық және өз еңбегіміз арқылы табыс табуға мүмкіндік алдық, – дейді жас сарбаз.

Жансаяның айтуынша, қозғалыс туралы ол Instagram парақшасынан біліп, қызығушылық танытқан. Бастапқыда еріктілер қатарына қосылуды құп көрген. Дегенмен, ойы өзгеріп, экологиялық бағытты таңдаған. Бүгінде ол табиғатты қорғау әр азаматтың борышы екенін жақсы түсінеді.

Облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сулаймонованың айтуынша, биыл аймақ бойынша 2 мыңға жуық жас «Жасыл ел» қатарына қосылған. Тек Павлодар қаласының өзінде мыңнан астам жас маусым бойы еңбек еткен. Жасақтар экологиялық, құрылыс және волонтерлік бағыттарында жұмыс істеді. Экологиялық топтар ағаш отырғызып, топырақты қопсыту, гүлзарларды күту және көгалдандыру ісімен айналысты.

– Бұл жоба – жастар үшін зор мүмкіндік. Олар еңбек етіп қана қоймай, жаңа достар табады, жауапкершілікті үйренеді. Көптеген жас маусым соңында өздерінің жаңа қабілеттерін ашып, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, біз жыл сайын «Таза Қазақстан» акциясын қолдап келеміз. Бұл — тек таза аула емес, таза ой мен таза сана идеологиясы. Жастардың осындай іске белсене араласуы еліміздің экологиялық мәдениетінің дамуына зор үлес қосады, – деді Р.Сулаймонова.

Маусым барысында еңбекақы көлемі де әртүрлі бағытта белгіленген. Мәселен, экологиялық жасақтар өкілдері орта есеппен
70 мың теңге, құрылыс жасағындағы жастар 120 мың теңге көлемінде жалақы алған.

Биылғы еңбек маусымы өз мәресіне жетсе де, оның рухы мен идеясы жас ұрпақтың санасында өмір сүре береді. «Жасыл ел» қозғалысы – тек жазғы жұмыс емес, бұл – табиғатты сүюдің, еңбектің қадірін түсінудің, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырудың нағыз мектебі. Алдағы жылы да жас сарбаздар көгалдандыру ісін жалғастырмақ.

Айдана БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласы.