Бір қарағанда сандар мен пайыздардан құралған кестелер ешкімнің қызығушылығын тудырмайтындай. Бірақ дәл сол сандарсыз мемлекет дамуының бағытын анықтау мүмкін емес. Ал осы күрделі әлемді меңгеріп, деректердің ішінен шындықты табатын сала мамандары – статистика қызметкерлері. Олардың жұмысы көзге көп ілікпейді, алайда әрбір шешімнің, әрбір жоспардың астарында олардың есебі жатыр. Сондай тәжірибелі мамандардың бірі –
бас маман Нұржиян Мұсалимова.
Кейде адамның өмірі күтпеген сәтте өзгереді. Бір кездейсоқ жол, бір сәттік кездесу бүкіл тағдырдың бағытын айқындайды. Облыстық статистика департаментінің тәжірибелі маманы Нұржиян Қамитқызының кәсіби жолы да дәл осылай басталған еді.
1989 жыл. Жас маман техникумды жаңа ғана тәмамдаған. Алдында сан тарау жол, сан түрлі мүмкіндік. Бір күні облыстық статистика департаментіне жолы түседі. Жұмыстың бағасын бағамдап, ондағы қызметкерлердің жылы қабылдауын көрген соң, осы жерде алғашқы еңбек жолын бастауға шешім қабылдайды. Сол сәттен бастап бүгінге дейін табанды еңбек етуде.
Халық статистикасы бөліміне экономист болып қабылданған жас маман уақыт өте келе әлеуметтік-демографиялық статистика бөлімінде, ал бүгінде әлеуметтік-демографиялық статистика және халықтың өмір сүру деңгейі бөлімінде еңбек етіп келеді. Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде талай өзгеріс болды. Мәселен, есептеу жүйелері жаңарды, деректер цифрланды, бірақ Нұржиян Қамитқызының ісіне деген адалдығы еш өзгермеді.
– Біздің жұмыс көзге көп көріне бермейді. Бірақ әрбір сан – нақты өмірдің көрінісі. Демографиялық статистика халық санының өсуі мен азаюын, туу мен өлім, көші-қон мен некеге тұру үдерістерін сипаттайды. Бұл — тек көрсеткіш емес, елдің әлеуметтік келбеті, –
дейді кейіпкеріміз.
Иә, сандардың артында шындық жатыр. Бір көрсеткіш мыңдаған адамның тағдырын білдіреді. Сондықтан статистика қызметкері үшін дәлдік пен жауапкершілік – басты қағида. Қағаздағы әр жолдың артында елдің тынысы, өңірдің дамуы, халықтың өмір сапасы бар.
Жұмыс күндері оның өмірінде нақты тәртіппен өрбиді: таңертең – мәлімет қабылдау, түсте – есептерді салыстыру, кешке – қорытынды кестелерді дайындау. Бірақ осы бір сандар әлемінде ол өз тыныштығын табады. Өйткені оның еңбегі – ел дамуының айнасы.
– Біз кейде өз еңбегіміздің нәтижесін бірден көрмейміз. Бірақ мемлекет деңгейіндегі шешімдер біздің деректерге сүйеніп қабылданатынын білу – зор жауапкершілік әрі мақтаныш, – деп алға тартады ол.
Уақыт өтті, ұжым ауысты, технологиялар дамыды. Бірақ бас маман үшін бұл сала тек қызмет емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қағазға түскен әрбір дерек, кестедегі әр сан оның еңбек жолының ізіндей.
— Қай салада статистика дұрыс болмаса, сол жерде берекесіздік пайда болады. Статистика қоғамда болып жатқан барлық құбылыс пен процестерді сандық жағынан сипаттап, олардың құрамын, динамикасын, өзара байланыстарын зерттейді.
Білім, ғылым, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету және тағы басқа әлеуметтік салаларды сипаттайтын статистикалық көрсеткіштер жүйесі әлеуметтік саланың жағдайына талдау жасап, даму бағдарламаларын құруға негіз болады. Мәселен, халықтың саны мен құрамы экономикалық, әлеуметтік, этникалық, саяси және басқа да мәселелерді шешуде маңызы зор. Бұл мәліметтер көптеген сұраққа нақты жауап беруге, нақты шешім қабылдауға көмектеседі, — деп түйіндеді Н.Мұсалимова.
Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі, кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
