Бұрқасын күтіледі

Қар 13, 2025

Өткен аптаның соңында Павлодар облысында ауа райы құбылды. 7-9 қараша аралығында облыстағы және республикалық маңыздағы жол барлық бағыт бойынша жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жолаушыларға тәулік бойы хабарлама таратты.

Боран, қатты жел және көктайғаққа байланысты көліктің барлық түрі үшін жол жүруге шектеу қойылды. Ауа райының нашарлауына байланысты жолда оқыс жағдайлар да тіркелді. Облыстық жедел жәрдем станциясы демалыс күндері шақыртулар саны төтенше жағдайлар бойынша да артқанын хабарлады.

– Қолайсыз ауа райы 103 қызметінің жұмысына да әсер етті. Мысалы, өткен жұма күні кешке екі ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккен адамдарға 8 медициналық бригада қызмет көрсетті. Көлік жүргізушілеріне жол ережесін қатаң сақтауды ескертеміз, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Оқыс жағдайларға тоқталатын болсақ, 7 қараша күні кешкі сағат 19.00 шамасында Шідерті кенті маңында ішінде 56 жолаушысы бар автобус аударылып қалды. Оқиға орнына бірден 5 жедел жәрдем бригадасы және төтенше жағдайлар медицина орталығының бригадасы жіберілді. Олар шақыру түскеннен кейін 15 минут ішінде оқиға орнында болды. Медицина қызметкерлерінің көмегімен түрлі дене жарақатын алған 17 адам Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. Өкінішке қарай, бір әйел адам ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Дәл сол күні Жетекші мен Кемеңгер ауылдарының арасындағы жолда екі көлік соқтығысты. Оқиға орнында үш жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетті. 2021 жылы туған ұл бала мен 2022 жылы туған қыз бала Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ, 28 жастағы ер адам мен 26 және 42 жастағы әйелдер Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылды.

10-11 қараша күндері аймағымызда барлық мектепте 2 ауысымдағы мектепалды даярлық топтары мен 1-4-сынып оқушылары үшін сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Балалардың қашықтан білім алуына қатты жел мен көктайғақ себеп болды.

№1 Павлодар қалалық ауруханасының травматологы Дәурен Смағұловтың айтуынша, 10-11 қараша аралығында көктайғақ салдарынан жарақат алған 16 адам дәрігерге жүгінген. Оның ішінде бір адам ауруханаға жатқызылды. Аулада құлап қалған Тереңкөл ауданының тұрғыны жедел жәрдем қызметінің көмегімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігер дене жарақатын алғандардың басым көпшілігі егде жастағы адамдар екенін айтады.

Көктайғақ салдарынан жарақат алған балалар да бар. Облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне 4 қарашадан бастап 8 бала жүгінген. Оның ішінде 2009 және 2014 жылы туған екі ұл ауруханаға жатқызылған. Қалғаны амбулаторлық ем қабылдауда.

Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, осы аптаның соңына дейін аймақта бұрқасын күтіледі. Мәселен, 13-14 қарашада облыстың оңтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын соғады. 15 қарашада жауын-шашын күтілмейді. 16 қарашада күндіз облыстың солтүстігінде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ пен бұрқасын болуы ықтимал.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жолаушылардан 112 нөмірінен келген хабарламаны ескеріп, алыс жолға шықпауын сұрайды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.